Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Айыппұл арқалағандар артты. Заңгер: кей жағдайда қарыздан құтылуға болады

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда 8,4 миллионнан аса әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның 8,1 миллионы бойынша азаматтар жауапкершілікке тартылған, ал 164 мың іс тоқтатылған. Бұл — Статистика бюросының ресми дерегі.

Айыппұл арқалағандар артты. Заңгер: кей жағдайда қарыздан құтылуға болады
Фото: 7kun.kz

Жарты жыл ішінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 141,3 миллиард теңгені құраса, оның 89,6 миллиарды ғана өндірілген. Яғни әрбір үшінші айыппұл төленбей отыр.

Салыстыру үшін: 2024 жылдың толық 12 айында тіркелген құқықбұзушылық саны – 15,1 млн, ал жауапқа тартылғандар – 14,6 млн адам. Сол жылы салынған айыппұл көлемі 304 млрд теңгеден асып, соның 190 млрд теңгесі ғана бюджетке түскен.

Мұндай көрсеткіштер қоғамда заңға бағыну мәдениетінің әлсіздігін және айыппұл жүйесінің тиімділігін қайта қарау қажеттігін көрсетеді.

Адвокат: “Әрбір айыппұл – міндетті емес, жағдайға қарай жеңілдетілуі мүмкін”

Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Нұрлан Жанабаевтың айтуынша, көпшілік әкімшілік құқықбұзушылық пен қылмыстық жауапкершілік арасындағы айырмашылықты толық түсіне бермейді.

– Әкімшілік құқықбұзушылық – қоғамға аса қауіпті емес әрекеттер. Жол ережесін бұзу, қоғамдық орында мас күйінде жүру, тіпті салықты кешіктіру – осы қатарда. Бірақ қайталап жасалса, жауапкершілік те күшейеді, – дейді ол.

Айыппұл мөлшері құқықбұзушылықтың ауырлығына, зардабына, бұрын жауапқа тартылған-тартылмағанына қарай белгіленеді. Заңгердің айтуынша, кей жағдайда іс қысқартылуы да мүмкін. Мысалы, егер азамат кінәсін мойындап, залалды өтесе немесе алғаш рет құқықбұзушылық жасаса.

– Қазіргі заңнамада қысқартылған (оңайлатылған) іс жүргізу тәртібі бар. Яғни, сотқа жеткізбей, айыппұлмен шектелуге болады. Ал кейбір азаматтар айыппұлмен келіспей, сотқа шағым түсіруге құқылы, – дейді Жанабаев.

Заңгердің толық кеңесін мына жерден оқыңыз:
 "Әкімшілік құқықбұзушылықтар мен айыппұлдар туралы заңгер кеңесі"

Айта кетейік, заңға сәйкес айыппұлды белгіленген мерзімде төлемегендерге қатысты сот орындаушылары шара қолданады. Егер әдейі төлемегені анықталса, тіпті Қылмыстық кодекстің 430-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік те туындауы мүмкін.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату