Қазақстан: төмен көрсеткіштердің ар жағында қалғандар
Халықаралық дерек көздері Қазақстанды ең аз кедей мемлекеттердің қатарына қосып отыр. Мәселен, Our World in Data платформасының есебінде ел халқының небәрі 0,02%-ы ғана күніне 2,15 доллардан төмен табыспен өмір сүретіні көрсетілген. Бұл Қазақстанды Финляндиямен тең қояды.
Алайда ішкі жағдай бұған мүлде қайшы. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 900 мыңнан астам азамат ресми кедейлік шегінен төмен өмір сүрген. Түркістан облысында бұл көрсеткіш 8%-дан асады. Мұнда ауыл халқы мен көпбалалы отбасылар тығыз орналасқан. Ауыл мен қала арасындағы тұрмыстық теңсіздік те айқын: ауылда кедейлік деңгейі екі есе жоғары.
Күнкөріс минимумы 50 мың теңгенің маңайында болса, орташа тұтынушылық шығын екі есе көп — 100 мыңнан асады. Бұл кедей отбасы үшін қолжетпес сома. Мемлекеттік көмектің өзі көп жағдайда қағаз жүзінде ғана қалады: атаулы әлеуметтік көмекке жету – рәсімдеудің машақатына байланысты қиын, ал бала жәрдемақылары барлығын бірдей қамтымайды.
Қырғызстан: миграцияға тәуелді өмір
Қырғызстанда әрбір үшінші тұрғын — кедей. Ауыл-аймақтарда, әсіресе Баткен мен Ош өңірінде бұл көрсеткіш 40%-ға жеткен. Елдегі басты тірек – еңбек миграциясы. Жыл сайын жүздеген мың азамат шетелге кетіп, ел экономикасына миллиардтаған сом құяды. Бірақ бұл ақша ең мұқтаж отбасыларға тұрақты жетіп жатқан жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар, мысалы «үй-бүлөгө көмөк» атаулы көмегі қажеттіліктің төрттен бірін ғана жабады.
Өзбекстан: көмектің жүйесі бар, бірақ жемқорлықпен әлсіз
Өзбекстанда 6 миллионға жуық адам ресми түрде кедей саналады. Елде «Темір дәптер» деп аталатын арнайы қолдау бағдарламасы бар. Бірақ жемқорлық пен ресурстың жеткіліксіздігі оны тиімді іске асыруға кедергі. Ауылдағы халықтың негізгі табысы – ұсақ шаруашылық, маусымдық жұмыс пен үйдегі еңбектен түсетін табыс. Урбанизация баяу жүріп жатқандықтан, кедейлік құрылымдық сипатқа айналған.
Тәжікстан: ең кедей, ең тәуелді
Аймақтағы ең төмен күнкөріс деңгейі — Тәжікстанда. Ауыл халқы басым, орташа отбасы 6 адамнан тұрады. 2022 жылы ел халқының төрттен бірінен астамы кедейлік шегінен төмен өмір сүрді. Мұндағы басты тірек те — сырттағы жұмысшылар. Бірақ мемлекеттік көмек тек 10%-ды қамтиды. Жағдайы ең нашар топ — көпбалалы отбасылар мен ауыл шаруашылығына тәуелді жұрт. Олар үшін өмір — өз асыңды өзің табу.
Жүйелі шешім қажет
Төрт елдегі кедейліктің сипаты ұқсас: ауылшаруашылыққа тәуелділік, бейресми экономика, сапалы қызметке қолжетімсіздік. Ауылдағы отбасының табысы көбіне маусымдық жұмысқа немесе мигрант туысының көмегіне байланған. Бұл — тұрақсыз тіршілік. Әлеуметтік жүйелер болса, әлсіз әрі шектеулі.
Мәселен, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті 500 мың адам ғана алады, ал жәрдемақы мөлшері көп отбасының негізгі шығынын жаба алмайды. Өзбекстанда ауыл халқының 20%-ы медициналық қызметке қол жеткізе алмайды. Тәжікстанда кедей отбасындағы балалардың үштен бірі мектепке тұрақты бармайды.
Орталық Азияда кедейлік – экономикалық мәселе ғана емес, әлеуметтік құрылымның әлсіздігін көрсететін айна. Кедейлікпен күресу үшін бір реттік төлем емес, жүйелі реформа қажет: ауыл инфрақұрылымын көтеру, бейресми нарықты заңдастыру, әлеуметтік көмекті әділетті бөлу. Әйтпесе, «жоқшылық» қағаз жүзінде ғана азайып, шын өмірде одан сайын тереңдей бермек.