Журналистер министрден Қазақстанда «ай сайын немесе тіпті апта сайын» сарбаздардың қаза табатынынан хабардарсыз ба деп сұрады.
— «Да вы что? Солдаты? Да вы что?» — деп жауап берді министр мысқылдай күліп.
Журналистер Қосановтың мұндай реакциясына таңырқап, неге күліп тұрғанын түсіндіруді сұрады. Бұған министр әскери бөлімдерге келіп, сарбаздардың қызметін өз көздерімен көруді ұсынды.
— «Зорлайды дейсіздер ме? Ондай фактілерді беріңіздер! Фактілерді көрсетіңіздер! Сіздер дәлелсіз айтып тұрсыздар. Біз командирлермен жұмыс істейміз, психологтармен жұмыс істейміз. Камера орнатамыз, пресс-турлар ұйымдастырамыз. Мұның бәрін жасап жатырмыз, журналистерді айына бір рет шақырамыз», — деді министр.
Оның айтуынша, әскерде дедовщина жоқ. Бірақ министр қоғамдағы жалпы мінез-құлық пен қақтығыстар армияда да көрінуі мүмкін екенін айтты.
— «Бұлар — жас жігіттер. Қоғамда да жігіттер бір-бірімен түсінісе алмай қалатын жағдайлар бар. Әскерді қоғамнан бөлек қарамаңыздар. Біз де осы қоғамның бір бөлігіміз. Барлық тәртіптің сақталуы үшін қолдан келгенін жасап жатырмыз», — деп түйіндеді Қосанов.
Бұған дейін әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары Астанада митиң өткізіп, Қорғаныс министрлігіне қабылдауға қол жеткізген болатын. Олар ұлдарының өліміне қатысты істердің әділ тергелуін және әскерде реформа жасалуын талап етті.
Осыдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға 12 күн ішінде қаза тапқан сарбаздар аналарының өтініштерін қарауды тапсырды. Берік Асылов бұл тапсырмаға жауап берген еді.