Оның айтуынша, елімізде жалға алу құны өте жоғары, әсіресе сауда орталықтарында (ТРЦ) бизнес бастау қиынға соғады.
"Кәдімгі суда орталықтарында 1 шаршы метрдің құны 15 000 – 20 000 теңге болса, «Хан Шатыр» мен «Mega»-да бұл көрсеткіш 100 доллардан (шамамен 45 000 теңге) басталады. Сонымен қатар, жалға алушылар 2-3 айлық депозит төлеуге міндетті. Мысалы, Mega Silk Way-дан 100 м² бутик алу үшін 15 млн теңге депозит, 5 млн теңге ай сайынғы жалдау ақысы қажет. Барлығы 20 млн теңге тек кіріп алу үшін жұмсалады", – деп атап өтті Шынар Құрманғали.
Бұдан бөлек, кәсіпкерге дүкеннің жөндеу жұмыстарына 10 млн теңге, жиһазға 8-9 млн теңге, тауар сатып алуға 20-30 млн теңге кетеді. Яғни, кішігірім дүкен ашу үшін кем дегенде 50-60 млн теңге қажет.
Сауда орталықтары жалға алушыларды ұзақ ұстап қалуға мүдделі емес.
Белсендінің айтуынша, сауда орталықтары жалға алушыларды тұрақты түрде ұзақ мерзімге ұстап қалуға ынталы емес. Себебі олар үшін кәсіпкерлердің жиі ауысқаны тиімді.
"Бір адам кірді – 2-3 айлық депозитін төледі, біраздан кейін бизнесі жүрмей жабылды, орнына жаңа адам келіп, тағы депозит төлейді. Осылайша, сауда үйінің әкімшілігі жалға алушылардан пайда табады. Бұдан бөлек, Mega сияқты орталықтар жалға алушылардан табысының белгілі бір пайызын талап етеді, сондай-ақ, маркетинг үшін м² сайын 1000 теңгеден қосымша ақы алады. Коммуналдық төлемдер мен басқа да шығындар тағы бар", – дейді қоғам белсендісі.
Шетелдік компанияларға жеңілдіктер жасалады
Тағы бір мәселе – отандық кәсіпкерлерге қарағанда шетелдік брендтерге жағдайдың әлдеқайда жеңіл екені.
"Zara", "LC Waikiki" сияқты ірі брендтерді жалынып шақырып, оларға 1 м² үшін 5000 теңгеден ғана баға қояды. Ал өзіміздің кәсіпкерлерге 15 000 – 45 000 теңгеге дейін жалдау құнын белгілейді. Осыдан кейін әділдік бар дей аламыз ба? Қазақстанда бизнес бастау қиын емес, оны жүргізу қиын. Кәсіпкерлерге қолдау жоқ, керісінше, олардың мүмкіндіктерін барынша шектеп қойған", – деп жазды Шынар Құрманғали.
Оның айтуынша, жалға берушілер өз бетінше бағаларды белгілеп, ешқандай бақылауға алынбай отыр. Осыған байланысты кәсіпкерлерге қолдау көрсету және жалға алу құнын реттеу маңызды екенін атап өтті.