Бұл өзгерістер «Бизнес Байлам» подкастында талқыланды. Бағдарламаға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов пен салық кеңесшісі Дмитрий Казанцев қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Олардың айтуынша, алдағы екі жыл бизнес үшін ауыр бейімделу кезеңіне айналмақ. Кәсіп иелеріне заңды жолмен шығынды оңтайландырып, бухгалтерияға көбірек қаржы бөлуге тура келеді. Себебі жаңа кодекс тек салық емес, еңбек заңнамасын да қоса есепке алуды талап етеді. Бұл әсіресе шағын кәсіп иелеріне қосымша шығын мен салықтық салмақ әкелмек.
Тимур Жаркенов мемлекет пен бизнестің бірлесе әрекет етуі үшін салықтық әдіснама жөнінде арнайы кеңес құруды ұсынды. Ал Дмитрий Казанцев кәсіпкерлерге табысты жасыру тәжірибесінен бас тартып, жұмысты ашық әрі заңды жолмен жүргізуге шақырды.
Айта кетейік, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі жөнінде кәсіпкерлер бұған дейін де бірнеше рет алаңдаушылық білдірген.
Экономика министрі Серік Жұманғарин жазда сөйлеген сөзінде: жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – бизнесті көлеңкеден шығарып, оның дамуына серпін беру екенін айтқан еді.