Негізгі қауіп аймақтары
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары – су тасқыны мен селге ең бейім өңірлер. 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде 10 өңір зардап шеккенімен, небәрі 166 сақтандыру өтініші ғана түскен. Нәтижесінде шығынның басым бөлігі бюджет есебінен өтелді.
Алматы мен Жетісу облыстарында 7 баллдан жоғары жер сілкінісі қаупі бар. Сарапшылардың айтуынша, мұндай ауқымды тәуекелдерді мемлекет қатысатын апаттық пулсыз жабу мүмкін емес.
Ауыл шаруашылығына да қатер күшейіп келеді: қуаңшылық пен дала өрттері жиілеп, Жамбыл және Түркістан облыстарында жер көшкіні белең алуда.
Бүгінде Қазақстанда мүлікті сақтандыру деңгейі өте төмен – небәрі 3,2%, Алматыда – 7,7%. Табиғи апаттарға қарсы міндетті сақтандыру жүйесі жоқ, ал сақтандыру компанияларының резервтері орта деңгейдегі бір ғана төтенше жағдайды жабуға жетеді.
Сарапшылар не ұсынады?
Мамандардың пікірінше, ең алдымен тұрғын үй мен шағын және орта бизнес үшін, әсіресе Алматыда және су тасқыны, сел қаупі жоғары аймақтарда міндетті сақтандыру енгізу қажет. Сонымен қатар:
- мемлекет пен жеке сектор бірігіп, ұлттық апаттық пул құруы тиіс;
- ауыл шаруашылығына арналған агросақтандыруды дамыту керек;
- алдын алу шараларын күшейту қажет;
- сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қоры нығайтылуы тиіс.
Сарапшылардың ескертуінше, егер бұл қадамдар жасалмаса, ірі жер сілкінісі немесе ауқымды су тасқыны Қазақстан экономикасына бірнеше жылға соққы беруі ықтимал.