NUR.KZ ақпаратына сәйкес, Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі қолданылады. Төлемдердің бір бөлігі мемлекет есебінен, ал екінші бөлігі қызметкерлердің зейнетақы жинақтары есебінен жүзеге асырылады. Жинақтардың өзі әртүрлі көздерден қалыптасады: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) зейнетақы жарналары есебінен, сондай-ақ қордың активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметтің арқасында. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, зейнетақы жарналары бірнеше түрге бөлінеді:
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – қызметкердің ай сайынғы табысынан 10%, ол қызметкердің жеке қаражаты есебінен төленеді;
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – зиянды жұмыс орындарында жұмыс істейтін қызметкердің ай сайынғы табысынан 5%, ол жұмыс берушінің жеке қаражаты есебінен төленеді;
Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – салымшылар жарна мөлшерін және оны төлеу мерзімдерін өздері таңдай алады;
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖБМЗЖ) – қызметкердің ай сайынғы табысынан 1,5%, бұл жұмыс берушінің жеке қаражаты есебінен төленеді, бірақ тек 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған азаматтар үшін.
2025 жылы ЖБМЗЖ көлемі өсіп, 2,5%-ға жетеді. Осылайша, ерікті жарналарды есептемегенде, ресми жұмыс істейтін қызметкердің айлық жалақысының максималды жиынтық зейнетақы жарнасы келесі жылы 17,5%-ға жетеді.
Айта кету керек, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының 2,5% мөлшерлемесі максималды болып табылмайды. Ол жыл сайын артып, 2028 жылы қызметкердің жалақысының 5%-ына жетеді. ЖБМЗЖ арқылы жиналатын қаражат қызметкерлердің жеке меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Бұл жарналар жеке шоттарға емес, шартты зейнетақы шоттарына аударылады. Болашақта ЖБМЗЖ арқылы қалыптасқан жинақтардан жас ерекшелігіне байланысты ортақ зейнетақы ала алмайтын азаматтарға зейнетақы төлемдері тағайындалады.