" «Мен сайлауға бармадым», «кімді сайлап жатқанынан хабарым жоқ». Апталдай ағалар қала әкімінің жылы креслосына үміткерлерді танымайтынын да айтты. Қателесуім мүмкін, кеше инстаграмнан Семейде әкім сайлауына қатысты ел-жұрт осылай сұхбат бетіп жатты. Таң қалмадым. Өйткені біздің үйдегілер де дауыс беруге ерініп, саяси оқиғаға енжар қарайтын.
Балалар өсті. Кәмелет жасқа толды. Оларға азамат ретінде өз дауысыңды бер немесе қарсылығын білдірудің маңызды екенін түсіндіргенім есімде.
Кеше елімізде облыстық маңызы бар Семей қаласының әкімін алғаш мәрте жұрт сайлады. Тарихи шаһардың тұрғындары үшін маңызды оқиға деп ойлаймын. 128 сайлау учаскесі жұмыс істеген және 220 мың тұрғын дауыс беріпті.
Семей қаласында википедия 314 130 адам мекендейді деп жазыпты.
Аумақтық сайлау комиссиясының ақпараттандыру жұмыстарын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әлеуметтік желілер арқылы да жүргізілгенін көрдім.
Дегенмен сайлауда енжар позицияда болу, сен үшін шешім қабылдауды күту – бұл өткеннің қалдықтары. «Мен бұл кандидатты білмеймін. Мен саясатты түсінбеймін. Менің дауысым маңызды емес» – мұның бәрін ұмыту керек.
Белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруға үн қосу, саналы шешім қабылдау арқылы сол қаланың дамуына үлес қосуға талпынуды өзімізден бастайық. Бұрынғыдай емес, әлеуметтік желілер арқылы әділетсіздік, халықтың келіспейтін тұстары билік назарынан тыс қалып жатқан жоқ.
Сайланған әкімге тиімді жұмыс, сәттілік тілегім келеді, өйткені өткен сайлаудың бірегейлігі тұрғысынан оның қызметін тек семейліктер ғана емес, бүкіл ел қадағалайтын болады. Демократияландыру тек Президенттің тапсырмаларына және жаңа тетіктерді енгізуге негізделе алмайды. Бұл өзгерістерге халықтың өзі де дайын болуы маңызды.
Сайлауда үнсіз қалмаңыз! Өз пікірімізді білдіріп, белсенді болайық!
Семейліктер парақшамда бар ма? Сайлау қалай өтті? Көне шаһар ұнады. Туризмге сұранып тұрған қала. Екі мәрте барып, музей аралап үлгермедім"- деп жазды блогер.