Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

100 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы мен жәрдемақысынан айырылуы мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекске түзетулер пакетін дайындады. Ол зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тәртібін қатаңдатуды көздейді. Басты өзгерістердің бірі – Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға төлемдерді тоқтату. Қазір мұндай азаматтардың саны 100 мыңнан асады.

100 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы мен жәрдемақысынан айырылуы мүмкін
Фото: zakon.kz

Жаңа ережелерге сәйкес, төлем алушылардың мәртебесін тексеру автоматтандырылып, деректер базалары біріктіріледі. Осылайша, елде тұрмайтын адамдардың зейнетақы не жәрдемақы алуының жолы кесіледі.

«Бұл нормалар қабылданса, Қазақстаннан тыс елге қоныс аударып, ол жақта тұруға рұқсат алған зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың наразылығын тудыруы мүмкін. Олардың төлемдері жағдай анықталғанша уақытша тоқтатылады», – делінген құжатта.

Қазір зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың ішінде 100 мыңнан астам адамда тұрақты тіркеу жоқ, ал 28 мыңнан астамы уақытша тіркеумен ғана отыр.

Сонымен қатар, мемлекет толық қамқорлығына алған адамдарға – әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында немесе қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде тұратындарға да зейнетақы төлемдері берілмейді.

Түзетулер атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне де қатысты. Енді оны тағайындағанда отбасының табысы ғана емес, шығыстары, қарыздары, депозиттері мен мүлкі де ескерілмек. Министрлік бұл өзгерістер әлеуметтік төлемдердің әділдігін арттырып, бюджеттен артық шығынды қысқартуға бағытталғанын айтады.

Бұдан бөлек, ең жоғары декреттік төлем 7 ең төменгі жалақымен шектелмек (жұмыс берушілер санына қарамастан). Сондай-ақ жұмыссыздық бойынша жәрдемақы тағайындау тәртібіне бақылау күшейтіледі. Бұл шаралар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын кемінде 2032 жылға дейін сақтауға тиіс.

Заң жобасын 2025 жылдың желтоқсанында қабылдау жоспарланып отыр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату