Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
4 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Сұхбат

«Қаражат үнемдеуді үйренуіміз керек»

"Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр".

«Қаражат үнемдеуді үйренуіміз керек»
Фото: жеке мұрағат

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көтерліген маңызды мәселелер мен жаңа жобаларға қатысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың пікірін білген едік, - деп хабарлайды newsroom.kz

- ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПАРЛАМЕНТ ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫНДА КЕЗЕКТІ ЖОЛДАУЫН ЖАРИЯЛАДЫ. ОНЫ ТІКЕЛЕЙ КӨРІП ТАМАШАЛАҒАН БОЛАРСЫЗ?

- Иә, әрине. Биылғы Жолдауда елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, ұлт саулығын нығайту, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту бастамаларын ортаға салды.

- БИЫЛҒЫ ЖОЛДАУ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ?

- Ең алдымен, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет екені айтылды. Ия, Ұлттық банктің несиенің негізгі мөлшерлемесін төмендететін уақыты әлдеқашан жетті. Себебі, несие ресурстарының пайыздық мөлшерлемесінің көптігі отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр. Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерде жаңа экономикалық несие саясаты жүргізілуі қажет.
Сонымен қатар, Ұлттық банк және де банктерге салынатын салықты өсіру – кезек күттірмей қабылдануы қажет шешімдердің бірі болуы тиіс. 2010-2020 жылдар аралығында банк жүйесін қолдау үшін мемлекеттен 6,6 триллион теңге жұмсалған. Бұл қаражат кіріс ретінде қарастырылмайды. Ал банктер салық төлемей-ақ акционерлерге дивиденд төлеуге мүмкіндік алады. 5 жыл ішінде қазақстандық банктердің табысы 3 еседен астам өсті. Қазақстандық банктердің кірісі әлем бойынша өте жоғары, бірақ шығыны одан бірнеше есе аз.

- ЕЛ ҚАРЖЫСЫН ҮНЕМДЕУДІ НЕДЕН БАСТАУ КЕРЕК?

- Бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек. Өңірлердегі салықтан түскен қаражатты тиімді пайдалану қажет. Себебі, облыстарда аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөлу фактілері көптеп кездесуде.

Екіншіден, Ұлттық қорды ел мүддесіне бағытталған стратегиялық маңызы бар бағытқа жұмсау. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Бұл ретте, Ұлттық қор инвестициясының құрылымын, инвестициялау ережелерін өзгерту қажет деп есептеймін.

- САЛЫҚ КОДЕКСІНЕ НЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?

- Салық кодексін оңтайландыру қажет-ақ. Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Президент бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық екенін баса айтты. Соңғы 15 жылда үкіметтік қарыз орта есеппен 28 пайызға, ал жалпы ішкі өнім көлемі 15 пайызға өскен. Осы қарқында жалғаса берсе 2030 жылға қарай шығындар жалпы ішкі өнімнің 49 пайызына жетуі мүмкін. Оның үстіне мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынынан айтарлықтай асып түседі. Жақын арада бұл жағдайды түзету шаралары қабылданбаса, бұл біздің еліміздің бюджетінің техникалық дефолтқа әкелуі мүмкін.

Дефолтты болдырмаудың амалы: бюджетке түсімді ұлғайту. Ол үшін салық жеңілдіктерін қайта қарауды Үкіметке ұсынған болатынмын. Яғни, алдағы жылдары техникалық дефолтқа жол бермеу үшін: бюджет кірістерін ұлғайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау; қолданыстағы салық жеңілдіктерінің, субсидиялардың және басқа преференциялардың, оның ішінде ҚҚС бойынша түгендеу жүргізу; салық жеңілдіктерінің, субсидиялар мен басқа да преференциялардың тиімділігін жүйелі бағалауды қамтамасыз ету; екінші деңгейлі банктердің шығыстарын шегерімге алу тәсілдерін жетілдіру; өңдеуші кәсіпорындар мен дайын өнімді өндірушілерге шикізатты экспорттаушыларға қарағанда преференциялар, салық жеңілдіктері мен артықшылықтар беруге; Салық кодексінен жеке жеңілдіктерді білдіретін барлық нормаларды алып тастау.

Осы ретте, айта кететін басты мәселе, бизнесті дамытуға көмектесетін салық жеңілдіктері ғана қалуы керек. Десек те, нақты өндіріс қана экономиканың драйвері бола алатынын анық түсіну керек

- ҚОРЫТА КЕЛГЕНДЕ, БҰЛ ЖОЛҒЫ ЖОЛДАУДАН НЕ ТҮЙДІҢІЗ?

- Жолдауда көлік-логистика секторын дамыту мәселесі айрықша айтылды. Халыққа да, экономиканың дамуына да жоғары сапалы авто және теміржолдар қажет. Сондай-ақ, тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салу мәселесі де ел экономикасы үшін аса қажет.

Алтыншы, Мемлекет басшысы кәсіптік-техникалық білім берудің аясын кеңейтуді айтты. Расында, қоғамдағы орта тапты дамыту және еліміздің әлеуметтік ахуалын арттыру мақсатын жүзеге асыру үшін бұл бастама аса қажет еді. Осы бастамаларды жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.

Жолдауда алға қойылған міндеттердің орындалып, халықтың игілігіне айналуы - ендігі кезекте Үкіметтің жұмысына тікелей байланысты. Алдағы уақытта, Үкіметтің Президент айтқан мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдап, сапалы іске асыруы - тұрақты бақылауымызда болады.