Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Бүгін, 16:30 / Перизат Ілес / Кадрлар

Бейсен Тәжібаев жаңа қызметке тағайындалды

Соңғы 7 жыл бойы Түркістан облысында табан аудармай еңбек еткен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Астана қаласына қызмет ауыстырды. Ол осы уақытқа дейін облыс әкімінің баспасөз хатшысынан бастап, ішкі саясат, партия қызметінде басшылық лауазымдардан түгел өткен еді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Бейсен Тәжібаев жаңа қызметке тағайындалды

Еліміздегі ең халқы көп әрі идеологиясы күрделі аумақта қызмет еткен Б.Тәжібаев енді Президент әкімшілігінде қызмет атқармақ. Төменде оның әлеуметтік желіде жариялаған жазбасын оқырманға толық ұсынуды жөн көрдік.

«Қадірлі достар! Құрметті әріптестер!
2018 жылы алғашқы көшпен Түркістанға барып, 7 жылдан аса қызмет атқардық. Өмірімдегі тәжірибеге толы кезеңдерден өттім. Мемлекеттік қызметте және саяси ұйымда нағыз тарихи сәттердің  бел ортасында жүрдік. Өңірдің құрылуына, облыс орталығына айналған Түркістанды Президенттің бастамасымен жандандыруға, саяси және басқа да түрлі өзгерістерге куә болдық. 
Соңғы 3 жыл жауапкершілігі жоғары міндет жүктеліп, Түркістан облысы әкімінің орынбасары болдым. Осы үш жыл ішінде Түркістан өңірінде қоғамдық-әлеуметтік салаларға жетекшілік жасадым. Білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, мәдениет, туризм, спорт, дін, жастар саясаты, қоғамдық даму салаларындағы түйткілдерді шешуге, жаңашыл бастамалар көтеруге тырыстық. Халыққа пайдасын тигізер жобалар мен тың идеяларды іске асыруға талпындық. Мемлекет қолдауының халыққа жетуіне баса мән берілді. 
Жұртшылықпен етене жақын болу, мәселелерді ашық талқылау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, туған өлкені көркейту және дамыту — басты мұратымыз еді. Осы мақсатқа тиісті ұжымдармен бірге жете алдық деп ойлаймын. Нақты нәтиже бар. Барлығын өздеріңізбен бүкпесіз бөлісіп отырдым. Ең негізгілері мен ауқымдыларына тоқталғым келеді.

Білім саласы бойынша үнемделген қаражат есебінен былтыр 200 мектеп жөндеуден өтіп, 128 мектептің жылу қазандығы газға ауыстырылды. Биыл 100 мектепке жөндеу жүргізілді. Екі жылдың ішінде 400-ден астам білім ұясына қаражат бөлдіртіп, реттедік. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы 29 жаңа мектеп білім инфра құрылымына үлкен серпіліс әкелді. Қазір облыста үш ауысымды 1, апатты 1 мектеп ғана қалды. Екеуінің де құрылысы қолға алынды, келер жылы бұл мәселеге  нүкте қойылады. 
Балабақша мәселесін ваучер арқылы түбегейлі оңтайлы шешуге қол жеткіздік. Әр жыл сайын 8 мыңдай бос орынды анықтап, қысқартып, кезекте тұрған балалардың орналасуына жол аштық. Республика көлемінде балабақшамен қамту 99,6%-ға жетіп, жоғары ең жоғарғы көрсеткішті иелендік.

Әлеуметтік салала «Самғау» және «Шұғыла» оңалту орталықтары ашылды. Таяуда жаңа «Ардагерлер үйі» мен «Қамқорлық» орталығы пайдалануға беріледі. Былтыр шалғай ауылдарда 55 медициналық нысан салынды. Биыл тағы 32-і бой көтеруде. 10-нана астам аураханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Әлеуметтік нысандарды жөндеу, жаңадан соғу, ғимараттарды ретке келтіру, қажет қаражат пен құжаттарды игеру, қолданысқа тапсырылғанға дейін қадағалап, талаптарды орындату оңай емес. Өткен апта халықаралық деңгейдегі «Woosong university Kazakhstan» ІТ университеті салтанатты түрде ашылды. Оңтүстік Кореянің білім қоры, жауапты министрлік және облыс әкімдігінің ортақ ірі жобасын сәтті жүзеге асырдық. Универистет жұмысын бастап, студенттерді оқытуда. 
Осы жылы наурызда Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Жұмысшы топтың өкілі ретінде 1,5  жыл бойы талқылаулар мен тыңдалымдарға қатысқаным естеріңізде деп ойлаймын.

Осы 7 жылдың ішінде маған сенім артып, қолдауын аямаған, Түркістанның көшін сүйреген тұлғалар - Жансейіт Қансейітұлына, Өмірзақ Естайұлына, Дархан Амангелдіұлына, Нұралхан Оралбайұлына және өңір жұртшылығына алғысым шексіз. 
Енді Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалдым. Бұл лауазымдағы міндеттерімді де жауапкершілікпен атқаруға бар күш-жігерімді жұмсаймын.

Ізгі тілек-ниеттеріңізге ризашылық білдіремін. Еліміз бен Түркістан жасай берсін. Бәріңізге амандық тілеймін. Жаратушы жақсылықта жолықтырсын!».

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату