«ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ ЖАҢАРЫП КЕЛЕДІ...»

"Әрбір қойылған сауалға Үкімет тарапынан нақты жауап берілуі тіис".

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Парламент Мәжілісінде мемлекет үшін маңызды мәселелер мен батыл бастамаларды көтеріп жүрген халық қалаулылары жетерлік. Солардың бірі – «Ақ жол» партиясының өкілі Серік Ерубаев. Жақында онымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

– «Ақ жол» партиясынан сайланған 12 депутаттың бірі ретінде халықпен қаншалықты жиі кездесесіз?

– Депутаттар Парламент Мәжілісінің арнайы кестесі бойынша өңірлерді аралап, азаматтармен тұрақты түрде кездесіп отырады. Қиын шақтарда мен Маңғыстауға барып, жергілікті жұртшылықпен жүздестім. 

– Маңғыстауда болғаныңызда мұнай компанияларының басшылары мен жұмысшыларын татуластырғаныңыз рас па?

– Сөздің шыны керек, мен қымбатшылықтан басқа да түйткілді мәселелерді анықтағым келді. Екінші жағынан, «мұнайшылар тойып секіреді» дегендей пікірлер де айтылып жүрді. Мұндайда істің ақ-ақарасын ажырата білу керек.

Сөйтіп, өңірге іссапарымды кәсіпкерлермен кездесуден бастадым. Соңғы уақыттағы қуаңшылықтан мал шаруашылығы күрт құлдырап кеткен болатын, сол мәселені шешу жолдарын қарастырдық. Бұған дейін де су тұщыту зауыттарын салу жөнінде депутаттық сауал жолдаған едім. Соның нәтижесінде, Үкіметтен тиісті қаражат бөлініп, әзірге өңірдегі екі зауыттың қуаты арттырылды.

Келесі күні Жаңаөзен қаласына бардым. Сөйтсек, мұнда 4 мыңдай тұрғын жұмыссыз жүр екен. Содан мұнай бұрғылау компанияларының жұмысшыларымен жүздесіп, олар қойған жиырмаға жуық талапты толықтай тыңдап шықтым. Арасында дұрысы да, бұрысы да бар екен. Қалай болғанда да, ел байлығын өндіріп отырған алпауыт компания басшылары мен жергілікті атқамінерлердің сөзін халыққа жеткіздім.

– Заң шығарушы орган ретінде Парламенттің пәрмені алдағы уақытта күшейе түсе ме?

– Президент ел байлығының жартысынан көбі небәрі 162 адамның қолында екенін қадап айтты. Бұл ретте, мен халық қаржысын желге ұшырған делдал мекемелер мен қажетсіз қорлар қатарын азайту жөнінде депутаттық сауал жолдадым. Елімізде әлем бойынша баламасы жоқ кәсіпорындар баршылық. Бірақ, нарық жағдайында бәсекеге түсе алмаған соң, өз мүмкіндігін өзі шектеуге мәжбүр. Айталық, Атырауда жүн өңдейтін, шприц шығаратын, кабель мен полиэтилен құбырларын жасайтын зауыттар ашылғанымен, оның өніміне сұраныс аз. Себебі, тапсырыс берушілер Қытайдың арзан затына қызығады. Ал, оның сапасына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Кәсіпкерлерден шағым көп түседі. Біз соның бәрін саралап, депсауал дайындаймыз. 

Кезінде Энергетика министрлігімен 2 триллион теңгеге үш мұнай өңдеу зауыты жаңартылатын болып шешілген болатын. Бірақ, зауыттар сонда да жұмысын тоқтатып, жөндеуге тұрып жатты. Атырау мұнай өңдеу зауыты да солай. Ал, қаңтар оқиғасынан соң жағдай аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Қазір ешқайсысы жөндеуге тұрып жатқан жоқ. Өнім көлемі де жеткілікті, бағасы да тиімді.

Тағы бір қызықты айтайын, «сұйытылған газ неге жетпейді?» деп депутаттық сауал жолдағанымда, «газбен жүретін көліктің көбеюінен» деген жауап алғаным бар. Сонда, көлік жүретін көгілдір отынды шығаруға алпауыт зауыттардың қауқары жетпейді дегені ме? Күлкілі емес пе?! Ал, «дизель неге жетпейді?» дегенге «көрші елдердің жүк көліктеріне құйылып жатыр» деген уәж айтылды. Қалай десек те, бізге төртінші зауыт қажет деп ойлаймын.

– Сіз Мәжілісте экология және жер қойнауын пайдалану комитетінің мүшесі ретінде экология, төтенше жағдай және энергетика министрліктерінің есебін тыңдайсыз...

– Елімізде 25 жылға дейін 9 және 30 жылға дейін 38 су қоймасын салу жөнінде қос бағдарлама қабылданған болатын. Соның екеуі Батыс Қазақстан аумағын қамтиды екен.

Екінші мәселе, Каспий теңізі қазір 20-30 шақырымға дейін артқа шегініп қалды. Яғни, күннен күнге тартылып жатыр деген сөз. Жазғы уақытта теңіз жақтан жел соққан кезде жағадағы тұзды шаң көкке көтеріліп, жақын елдімкендерді басып қалады. Сондықтан Арал тәжірибесіне сүйеніп, бұл жерге дереу сексеуіл егуге ұсыныс жасап отырмын.

Бір ұсыныс, қарапайым полицейлерді жұмысқа аларда оларды мемлекеттік тілді білуге міндеттеу қажет. Сонда халықпен байланысы нығая түседі деп ойлаймын. Екіншіден, олар 45 жаста – тәжірибесі енді ғана толысқан кезде зейнетке шығады. Бұл шақта күш те, қайрат та жеткілікті ғой. Жастарға да үлгі-өнеге көрсететін кез. Ал, олар өмірдің бел ортасында зейнеткер атанып, басқа жұмыс іздей бастайды. Сондықтан зейнет жасын ұлғайту қажет. Ал, керісінше, жер астында жұмыс жасайтын шахтерлар 63 жаста зейнетке шығады. Олар бұл жасқа жетпей жатып түрлі ауруға шалдығып жатады. Сондықтан бұл әділетсіздікті жоятын кез келді. Осы орайда, әйелдердің де зейнет жасын қысқарту жөнінде ұсыныс хат дайындап жатырмын. 

– Депутаттың беделі оның белсенділігіне қарай көтеріле ме?

 – Иә, мен бұған депутат болғанда ғана көз жеткіздім. Оған дейін пленарлық отырыста ұсынылған бастамаларға бәрі «иә» деп дауыс бере салады деп ойлаушы едім. Шындығында, қандайма дауыстың артында көптеген талқылау мен дауласу барын кім біліп жатыр? Бұл үрдістер сырт көзге көрінбейді.

Тағы бір мысал, «Ақ жол» партиясының көсемі Азат Перуашевтің өзі кәсіпкерлік туралы заңға өзгеріс енгізді. Бұрын атқарушы билік тарапынан кәсіпкерге зиян келгені сот арқылы дәлелденсе, оның шығыны бюджет есебінен төленіп келген еді. Енді өз қалтасынан өндіріледі.

– Жалақыңыз өсті ме?

– 2012 жылдан бері көтерле қойған жоқ. Қазір қанша алсақ та, инфляция жағдайында құндылығы төмендеп кетті ғой. Есесіне, әкімдердікі көбейді. Бірақ, әлеуметтік пакетіміз бар ғой, соған да қанағат қыламыз

– «Жаңа Қазақстан» деп ұрандатып жатырмыз. Сонда бұрын «ескі» болғанымыз ба?

– Бұл жалған ұран емес! Ақиқатқа айналарына сену керек. Өмірде бір нәрсеге босла да сену керек қой. Барлығын жамандай берсек, бұл да жақсылыққа әкелмейді. 

– «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы бастамалар бүгінде жүзеге асып жатқанын байқап отырмыз. Бұған басқалар ортақтасып жүрген жоқ па?

– Біз үшін атымызды шығару емес, ел мүддесі үшін еңбек ету әлдеқайда маңызды! Келісемін, «ақжолдықтардың» «Түбегейлі өзегрістер керек» атты сайлауалды бағдарламасында партия филиалдарын әкімдер басқармау керектігі жөнінде айтылған болатын. Сол бастама бүгінде жүзеге асып жатыр. Сайлау барысында да бюллетеньде «бәріне қарсымын» деген графа қосылды. Бұл да – «ақжолдық» бастама. Референдумдағы өзгерістердің де көбісі – біздің партияның ұсыныстары. Соның бірі – Мәжіліске партиялық тізіммен өту шегінің 7 пайыздан 5 пайызға төмендеуі. Сонымен бірге, қарызға белшеден батқан жеке тұлғаны банкрот деп тану жөніндегі бастама да біздікі. Айтуыңыз орында, кейде бұл бастамаларға «дайын асқа тік қасық» басқа біреулер ортақтасып жатады. Бірақ, жасалған жұмысты бізден ешкім тартып алмайды, бастысы – тағы не жесауға болады, соны ойластыру керек. Басқасына бас қатыратын уақыт жоқ. Оған уақыт өз бағасын береді.  Біз үшін атымызды шығару емес, халықтың мүддесі үшін қызмет қылу маңызды.

– Референдум демекші, одан нәтиже шықты ма?

– Президент ел байлығының тең жартысы 162 адамның қолында екенін айтқан жоқ па? Сол монополия меншігіндегі біраз дүние біртіндеп елге қайтарылып жатыр. Елдің Президентке деген сенімі өскен.

– Мәжіліске мән беріліп, Парламенттің пәрмені күшейтіліп жатыр. Осы орайда, Сенат елеусіз қалмай ма?

– Жоқ, олай ойламаймын. Сенат Мәжіліс ұсынған заң жобасын қолдауға немесе қолдамауға құқығы бар. Жоғарғы соттың судьялары мен сайлау комиссиясының кейбір мүшелері осы Сенат арқылы тағайындалады. Қазір мемлекетіміз супрепрезиденттік басқарудан президенттік басқаруға көшіп жатыр. Жалпы, дүние жүзінде елді Парламент басқарады, ал, Премьер-министр – орындаушы. Бірақ, менің ойымша, парламенттік басқаруға халық әзірге дайын емес. Оған уақыт керек.

– Қазір «Ақ жол» фракциясында 12 депутат бар. Каникулға шықсақ та, халықпен кездесіп жүрміз. Биылдың өзінде мен Түркістан, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Көкшетау, Ақмола жұртымен жүздесіп, түйткілді мәселелерін түртіп үлгердім. Енді сол халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып, депутаттық сауал дайындаймыз. Сөйтіп, сайлауалды бағдарлама жасақтап, келесі науқанға дайындаламыз.

– Депутаттық сауал дейсіз, соның қойылатын тәртібі бола ма және одан қандай нәтиже күтіледі?

– Алдымен фракция отырысы кезінде төраға «сауал бар ма?» деп сұрайды. Егер жан-жақты пысықталған, яғни, әбден пісіп-жетілген сұрақ болса, оны Парламент қабырғасында қоюға рұқсат беріледі. Ал, оны біз жергілікті жердегі халықтың ұсыныс-тілектері негізінде дайындаймыз. Мәселен, «Ақ жол» партиясының өңірлердегі филиалына аяқтай келген тұрғын республикалық маңызы бар ұсыныс-пікір білдірсе, оны Парламентте көтеруге дайынбыз. Ал, жекелеген тараптардың мәселесін сот немесе басқа да жауапты органдар қарастырады. Онымен біз айналыспаймыз.  

Әрбір қойылған сауалға Үкімет тарапынан нақты жауап берілуі тіис. Ол жауапқа біз баға береміз. Келіспейтін тұсы болса, қабылдамаймызМәселен, былтырғы бюджеттің тиімді жұмсалғанына біз келіспедік. Ал, бізге едйін ешбір депутат бұлай қарсы шықпады. Әрине, бұл жерде көптің дауысы ғана есепке алынатыны белгілі. Бірақ, осының өзі демократия бар дегенді білдіреді. 

 

Жүктелуде...