Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Түркістанда қалыңдығына келген жігітті ауылдағылар қатыгездікпен өлтірген

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында 30 жастағы Азиз Құралбаевты қатыгездікпен өлтіру ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қанды оқиға өткен жылдың қарашасында болған.

Түркістанда қалыңдығына келген жігітті ауылдағылар қатыгездікпен өлтірген
Коллаж: orda.kz

Азиз қалыңдығымен кездесуге көрші ауылға барғанда алты жігіттің қолына түседі. Олар жігітті соққыға жығып, денесіне темекі басып, есінен танған сәтте аузына алкоголь құйған. Жәбірленуші үш ай бойы ауруханада есін жимастан көз жұмған.

Марқұмның туыстары Азиздің қаскөйлермен еш таныстығы болмағанын айтады.

«Тек қалыңдығымен кездесу үшін барған еді. Сол үшін азапталып өлтірілді», – дейді марқұмның жеңгесі Мөлдір Үсенбаева.

Адвокат Нұртуған Өмірзақовтың айтуынша, тергеуде бірқатар заңбұзушылықтар болған. Бастапқыда алты күдікті бұзақылық бабы бойынша айыпталса, кейін олардың тек екеуіне ғана «кісі өлтіру» айыбы тағылған. Қалғандары жеңіл баппен немесе куәгер ретінде қалған.

«Айыпталушылардың екеуі қылмысын видеоға мойындағанымен, сотта бұл дәлел ескерілмеді», – дейді қорғаушы.

Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Марқұмның отбасы әділ үкім шығарылатынына күмәнмен қарап отыр. Түркістан облыстық соты істің ашық түрде қаралатынын хабарлады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату