Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қала аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысы Отырар мөлтек ауданындағы жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына назар аударып, нысандардың сапасын көзбен көріп бағалады.
Сондай-ақ әкім Ойсыл қара және Шаян көшелерімен жаяу жүріп өтіп, құрылыс сапасын тексерді. Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың пікірлерін тыңдады. Нұралхан Көшеров мердігер компанияларға нақты тапсырмалар беріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беруді, жолдардың тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болуын басты талап ретінде атап өтті.
– Ең бастысы – сапа. Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында. Сондықтан әрбір жұмыс уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Түркістан қаласының күннен-күнге жаңарып, инфрақұрылымдық даму көрсеткіштерінің артып келе жатқаны – жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді серіктестіктің нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.