Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
26 қыркүйек, 2023 / NewsRoom / Қаржы

Қарыз сапасы ең жақсы банктер қайсы?

Халықаралық сарапшылар қазақстандық банктер туралы оң пікірде

Қарыз сапасы ең жақсы банктер қайсы?
Ғаламтор желісінен

Биыл шілде айының соңында қазақстандық банктердегі NPL 90+, яғни төлем мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген нашар несиелердің көлемі 889 млрд теңгені құрады. Бұл ҚР ЕДБ жиынтық несие портфелінің 3,4%-ы, былтыр көрсеткіш 3,8%, бес жыл бұрын 8,8%, он жыл бұрын 29,9% болған, деп хабарлайды newsroom.kz.

Біз ҚР ЕДБ несие портфелін талдадық және несиелер сапасы бойынша банктердің рейтингін жасадық. Отбасы банкінде несие портфелі мінсіз деуге болады: мұнда банктің жалпы несиелеріндегі NPL 90+ үлесі бар болғаны 0,08%. Естеріңізге сала кетейік, Отбасы банкі — тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне және осы жүйе аясында несиелендіруге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік топтарға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй несиелеріне маманданған қазақстандық даму институты.

Биыл 1 қыркүйегінде Fitch Ratings Отбасы банкінің рейтингін қарап, өзгеріссіз қалдырды. Эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингі тұрақты болжаммен BBB деңгейінде қалды. Бұл елдегі барлық ірі кредитор банктер арасындағы ең жақсы көрсеткіш және мүмкін болатын ең жоғары көрсеткіш, өйткені ол ҚР-ның рейтингіне сәйкес келеді. Оның үстіне бұл рейтинг қазақстандық банктер үшін сирек кездесетін инвестициялық санатқа жатады. Отбасы банкінің ұлттық ұзақ мерзімді рейтингі де бұрынғы деңгейде қалды — AAA(kaz).

Екінші орында Фридом Финанс Қазақстан банкі: мұнда NPL 90+ көлемі портфельдің 0,27%-ын құрады. Одан кейін қытайлық еншілес ұйым Altyn Bank (0,89%) және кореялық Шинхан Банк (1%) келеді.

ҚР ірі ЕДБ арасында жағдай мынадай: ЦентрКредит банкінің портфеліндегі NPL 90+ үлесі 1,74%, Halyk Bank — 2,26%, Bank RBK — 3,21%, ForteBank — 5,03%, Kaspi Bank — 5,04%, Еуразиялық Банк — 5,65%, Bereke Bank — 7,54%, Jusan Bank — 9,43%.

Сектордағы ең нашар көрсеткіш ҚР-да қалған соңғы ресейлік ВТБ банк: 9,68%.

Бұл ретте, ҚР ЕДБ несие портфелі биыл шілде айының соңында 26,4 трлн теңгеге жетті, бұл былтырғыдан 22,5%, ал он жыл бұрынғыдан 2,1 есе артық. Ең ірі кредитор банктердің ішінде Bereke Bank-тен басқасының барлығы жыл сайынғы динамикада оң көрсеткішке ие. Бірақ Bereke Bank қазақстандық екінші деңгейлі банктер тобына еніп, дағдарысқа дейінгі көрсеткіштеріне іс жүзінде оралды.

NPL 90+ деңгейі төмен аталған ірі банктердің ішінде көшбасшы Отбасы банкінің несие портфелі бір жылда 19,5% өсіп, 3,1 трлн теңгеге дейін, ЦентрКредит банкі — 61%, 2,7 трлн теңгеге дейін, Halyk Bank — 11,5%, 8,4 трлн теңгеге дейін, Bank RBK — 18,5%, 922,4 млрд теңгеге дейін жетті.

Қыркүйектің 12-сі күні Fitch Ratings сарапшылары қазақстандық банк секторы туралы тағы да оң пікір білдірді, бұл секторды түбегейлі тазарту және қатаң реттеуші қадағалау оны күшейтіп, жалпы қаржылық тұрақтылықты жақсартқанын атап өтті. Қазақстандық банктердің көпшілігінің несие профилі бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда айтарлықтай күшейе түсті.

Реттеуші органдар — ҚР Ұлттық банкі мен ҚНРДА соңғы жылдары банк секторына бақылау мен қадағалауды күшейту бойынша елеулі шаралар қабылдады. Олардың ішіндегі ең маңыздысы 2017–2022 жылдар аралығында жүргізілген банк секторын тазарту болды, оның ішінде жұмыс істемейтін несиелерді аудару, тікелей капиталды қолдау және секторды шоғырландыру. Сонымен қатар, реттеуші банктердің проблемалық несиелерді резервтеуге төзімділігін төмендетті.

Нәтижесінде құнсызданған несиелер мен активтер сапасының танылмаған тәуекелдері айтарлықтай төмендеді. Он ірі банктің 3-ші және 2-ші кезеңдегі несиелерінің орташа көрсеткіштері 9 ХҚЕС сәйкес биыл бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша тиісінше 8% және 2% құрады. Алдыңғы кезеңдерден қалған тәуекелдер негізінен бірқатар шағын банктерде шоғырланған, деп атап көрсетті Fitch.