Қай банктер көмекке үміткер?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қай банкті жүйе құраушы санатына қосатынын анықтайды. Бұл, әдетте, активтері мен депозит қоры ең ірі банктер болмақ.
Агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, мұндай қолдау тек ерекше жағдайда ғана беріледі.
– Мемлекеттік көмек миллиондаған салымшының қаржысын қорғау және бүкіл жүйенің күйреуіне жол бермеу үшін қажет болған кезде қарастырылады, – деді ол.
Ортақ жауапкершілік механизмі
Жаңа нормаға сай, егер мемлекет банкті құтқаруға қаражат бөлсе, ол шығынды барлық банк міндетті жарна арқылы өтейді. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бұл тетікті былай түсіндірді:
– Егер мемлекет көмек берсе, сол қаражатты қайтару ісіне барлық банк қатысады. Тіпті өзі мұндай көмекке іліге алмайтын шағын банктер де үлес қосуы тиіс болады, – деді ол.