Белгілі суретші Ербосын Мелдібековтің атышулы «Құлаған Назарбаев» атты инсталляциясын Мәскеудегі Garage заманауи өнер музейі сатып алды.
Бес қола мүсіннен тұратын композиция алғаш рет 2024 жылдың ақпанында Мелдібековтің жеке көрмесінде – «Буран — Байқоңыр, Жібек жолы мен Құс жолының арасында» атты экспозицияда жұртшылыққа көрсетілген болатын.
 
 Инсталляция Талдықорғанда орнатылған Нұрсұлтан Назарбаев мүсінінің дәл көшірмелерінен құралған. Бұл ескерткіш 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде халық тарапынан құлатылған еді. Автор үш секундтық құлау сәтін бейнелеп, мүсінді көрерменге керісінше – қайта тік тұрғандай әсерде ұсынған.
Көрмені Қайрат Боранбаевтың «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Серік Толықпаевтың Aitas Foundation қоры ұйымдастырған. Экспозиция қоғамда үлкен талқылау мен дау тудырды: ұйымдастырушылардан туындыны алып тастауды талап еткен, бірақ суретші бас тартқан. Осыдан кейін Aitas Foundation қорымен әріптестік тоқтатылған.
Мелдібековтің айтуынша, «Құлаған Назарбаев» туындысын Garage музейі бірнеше ондаған мың долларға сатып алған. Нақты сома жария етілмеді.
 
 