Ипотека уақытша тоқтатылған банктер
Halyk Bank өкілдерінің айтуынша, ипотекалық өтініштер 14 қазаннан бері қабылданбайды. Қашан қайта қаралатыны әзірге белгісіз. «Қайта өтінім қабылдай бастағанда толық ақпарат сайтта жарияланады», — деді банк өкілдері.
ForteBank-та да ипотека беру уақытша тоқтап тұр. Қашан қайта ашылатыны жөнінде нақты мерзім көрсетілмеген. «Қазіргі уақытта ол туралы өзімізде де ақпарат жоқ», — деді банк қызметкерлері.
Bank RBK өкілдері ипотекалық бағдарлама бұрыннан бар болғанымен, қазір уақытша тоқтағанын растады. «Өтініш қабылдау уақыты әзірге белгісіз», – деді банк өкілі.
Ал Нұрбанк 10 қазаннан бастап ипотека өтініштерін қабылдауды тоқтатқан. Қайта ашылатын уақыты туралы ақпарат әзірге жоқ.
ЦентрКредит банкінде де ипотека беру 14 қазан таңғы сағат 9-дан бастап тоқтаған. «Қашан ашылатыны белгісіз, жаңалықтар сайт пен Instagram парақшамызда жарияланады», — деді банк өкілдері.
Ипотека беруді жалғастырып жатқан банктер
Отбасы банк ипотека беруді тоқтатпаған және бұрынғы шарттар бойынша өтініш қабылдауды жалғастырып отыр.
Freedom Bank-та да ипотека беру жалғасып жатыр. Дегенмен, банк өкілдерінің айтуынша, мөлшерлеме алдағы уақытта көтеріледі, тек «7-20-25» бағдарламасы бұрынғы деңгейде қалады.
Altyn Bank та ипотека беруді жалғастырып отыр, бірақ қайталама нарықтағы несие беру уақытша тоқтатылған. Бастапқы нарықтағы пәтерлер бойынша ипотека тек BI, Базис және SENSATA компанияларынан алынатын пәтерлерге ғана қарастырылады.
Ипотекалық өнімдері жоқ банктер
Kaspi Bank және Alatau City Bank ипотекалық бағдарлама жүргізбейді. Bereke Bank-те де ипотекалық өнім жоқ. Home Creditбанкінің өкілдері ипотека мүлде жоқ екенін айтса, VTB бірнеше жыл бұрын ипотекалық өнімдерін толық тоқтатқанын еске салды. Ал Eurasian Bank өкілдері бұрын «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотека бергенін, алайда соңғы 2,5 жылда ипотекалық несие беруді тоқтатқанын мәлімдеді.