Тарихи туынды «Қыз Жібек» фильмі қайта түсіріледі. Желіде осындай ақпарат тарағаннан кейін желі қолданушылары екі тарапқа бөлінді. Бірі ремейк түсіру әлемдік тәжірибеде бар. Сондықтан оның жаңа нұсқасы көпшілікті қызықтырады десе. Енді бірі «Қыз Жібек» қайталанбас тарихи туынды. Сондықтан оны қайта түсіру бос әурешілік пен шығын екенін айтып отыр, деп хабарлайды newsroom.kz. Жарты ғасырдан астам тарихы бар режиссер Сұлтанахмет Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі елімізде алғаш рет қайта түсірілгелі жатқан туынды болып саналады. Бұған дейін білетініміздей, отандық туындылардың ішінде ешбірінің жаңа нұсқасы түсірілмеген. Әдетте, ремейкті ескі шығармаларға жаңа дем беріп, жаңа көзқараста жаңа деңгейге көтеру үшін жасап жатады. Бұны басқаша түсінетіндері де бар, мысалы, «отандық кино режиссура сарқылды» деген пікірлерден-ақ аңғаруға болады. Киносыншы Дана Әмірбекова бұл жаңалыққа қатысты өзінің пікірімен бөлісті.
Жалпы ремейк түсіру әлемлік практикада кең жайылған құбылыс. Мысалы, У.Шекспирдің ең танымал «Ромео мен Джульеттасының» ғана елуден астам экранизацияланған нұсқасы бар. Ол шығармаға деген қызығушылық уақыт өткен сайын тек арта түседі деп есептеймін. Алайда, олардың ешқайсысы 1968 жылы жарыққа шыққан Франко Дзеффиреллидің ұсынған нұсқасын басып озған жоқ. Сол сияқты «Қыз Жібек» әлі талай түсірілер, алайда, дүйім жұрттың көзайымына айналған Сұлтанахмет Қожықовтың нұсқасына жете алмасы анық. Біздің елде демократия. Жеке компаниялар белгілі бір туындыларды қайта жандандырам деп ниет танытса оған қой дей алмаймыз. Халықтың емес, өз қаражаттарына түсірмекші ғой. Түсірсін, көрейік… Әйтеуір, қасиетті шығарманы заманауиландырамыз деп жүріп, анайы сахналармен бүлдірмесе екен…, - дейді ол.
Туындының жаңа нұсқасынан нені күтуге болады?
Киносыншы «Қыз Жібек» туындысының жаңа нұсқасы мүлде басқаша түсірілгенін қалайтынын айтты. Жәй ғана махаббат линиясымен шектелмей, туындыдағы фонмен жүріп өтетін қазақ ұлтының қасіреті алдыңғы жоспарға шықса дұрыс болар еді.Біреу білсе, екіншісі біле бермейді – «Қыз Жібек» фильмі мүлде басқаша басталып, басқаша аяқталатын сахналар бар еді. Өкінішке қарай, Кеңес кезеңіндегі көркемдік кеңес қиып алып тастаған болатын. Режиссерлік нұсқада фильм жоңғарлар мен қазақтар арасындағы қан шайқаспен басталуы керек еді… Ал фильмнің соңында дәл сол жоңғарлар қайтып келіп, қазақтың суын ішіп, Жібектің су бетінде қалқып бара жатқан сәукелесін найзамен түйреп алып, елімізді басып алуға беттеп, шауып бара жатады… Бұл қазақ ұлтының қасіретін жырлайтын, рухын қайта оятатын туынды болуы керек еді… өкінішке қарай, жәй ғана махаббат жыры ретінде ғана ұсынылды, сол үшін Сұлтанахмет Қожықов инфарктан инфаркт алып, бұл фильмнен кейін он бес жыл көлемінде фильм түсіруге рұқсат ала алмай, қайғыдан құса болып дүниедін озған еді, - деді Дана Әмірбекова.Тарихи туында ақыры қайта түсірілетін болғандықтан жаңа нұсқада осы айтылған сахналар ұмыт қалмағаны жөн деп санайды. Бұл пікірмен кинорежиссер Руслан Әбдірашов та келісіп отыр. Ол фильмнің түсірілгелі жатқан жаңа нұсқасын барынша түп нұсқаны айқын көрсету керек деп санайды.
Қолдасын, қолдамасын бұл фильмнің қайта түсірілгені дұрыс емес пе? Жалпы түп нұсқаның сақталу, сақталмауына келетін болсақ, «Қыз Жібек» фильмінің өзінде шығарманың негізгі сюжеті сақталмады. Фильмде Жібек суға батып жан тапсырады. Ал негізгі түп нұсқасына келетін болсақ желі бойынша Төлегеннің бауыры келіп Жібекті құтқарып өзімен бірге алып кетеді, - дейді Руслан Әбдірашов.Кинорежиссер Болат Қалымбетоавте бұл пікірмен келісетінін айтты.
Мен қарсы емеспін. Неге екенін айтайын... Әр заманның өзінің бір талғамы мен таңдауы болады. Уақыт пен формат өзгерген сайын адамдардың көзқарасы да, киноның тілі де өзгереді. Бір жерде тұралап қалмайды. Бұл тұрғыны ескере отырып, әрине түсіруге болады деп есептеймін. Қыз Жібек қазақ киносының алтын қорына кірген классика фильм ғой. Сондықтан «Қыз Жібекті» қазіргі кездегі киноның тілін білетін, түсінетін режиссер болуы керек, нағыз кино маманы жұмыс істеуі керек, «сериалшиктерге» сеніп тапсыруға болмайды. Барлығы драматургияға, талғамға және мамандардың кәсіби деңгейіне байланысты болып тұр, - деді ол.Сонымен қатар, ол туындыны түсіру барысында киносыншылармен бірге жұмыс істеу маңызды екеніне тоқталды.
Шетелдік не отандық туынды болсын әрқашан киносыншылардың пікірін тыңдап, олардың көзқарасын саралап, реттілікпен жұмыс істегенді құп көремін. Өз басым киносыншылардың пікірімен санасып, дұрыс-бұрыстығына көңіл бөлемін. Егер де мықты маман болса, туындының сапалы шығуына үлкен үлестерін қосып жатады. Сондықтан киносыншылармен де жұмыс істей білген абзал, - деп атап өтті.
«Қыз Жібек» фильмінің жаңа нұсқасына кімдер түседі?
Желіде «Қыз Жібек» фильмі қайта түсіріледі дегеннен бастап, туындының жаңа нұсқасына кімдер түсетіні жөніндегі сұрақтарға қызығушылық танытып жатқандар көп. Дана Әмірбекова тарихи туындының жаңа нұсқасын әлі де елестете алмайтынын айта кетті. Оның сөзінше, туындының жаңа нұсқасына өнер саласына енді ғана қадам басып жатқан жас мамандар түскенін қолдап отыр. Бір жағынан жаңа туындымен қатар жаңа леп келетініне сенеді.Шынымды айтсам, заманауи актерлердің ешқайсысын Жібек пен Төлегеннің рөлінде елестете алмаймын. Бұл фильмге жұлдыздарды түсіріп әлек болудың еш қажеті жоқ қой. Кезінде Сұлтанахмет Қожықов Меруерт Өтекешева, Құман Тастанбеков, Асаналі Әшімов қатарлы жас дарын иелерін ашты ғой… Сол сияқты өнерге енді ғана қадам басуды ойлап жүрген жастар үшін таптырмас мүмкіндік болайын деп тұр, - деп өз пікірімен бөлісті киносыншы Дана Әмірбекова.Болат Қалымбетов те тарихи туындыға үздіктердің үздігін таңдау керектігін айтып отыр. «Актерларға келетін болсақ... Шығармаға актерларды таңдау өте қиын дүние. Актер режиссердің инструменті ғой. Сондықтан оған жоғары талғаммен таңдау жасау қажет. Фильм Ғабит Мүсірепов жазған желімен түсірілетін болса, онда актерлардың антропологиялық кескін-келбеті де соған сәйкес болуы керек. Өнерде әртістер жеткілікті. Дегенмен үздіктердің арасынан үздігін таңдау қажет», деді режиссер. Болат Қалымбетов Құман Тастанбеков және Меруерт Өтекешовамен бір туындыға түскен. Сондықтан «Қыз Жібектің» жаңа ремейкінен сәтті жаңалық күтетінін жеткізді.
Мен Құман ағамен де, Меруерт апамен де киноға түстім. Құман аға Ғани Мұратбаевты ойнады, Мерует Өтекешова Раушан есімді жұбайының рөлінде, ал мен Айдар есімді жігітті ойнадым. Біз түсірілім алаңында кездескенімізде екеуі де өз саласының үздіктері, талғамдары жоғары кәсіби мамандар екенін көрдім. Сондықтан алтын қордағы туындыны қайта түсіру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Егер режиссер ретінде «осы туындыны сіз түсіресіз ба?» деп ұсыныс білдірсе, мен түсірмес едім..., - деді Болат Қалымбетов.