Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанда орташа жалақы күрт төмендеді

Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы орташа жалақы туралы жаңартылған деректерді жариялады

Қазақстанда орташа жалақы күрт төмендеді
Фото: pixabay

2024 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 390 328 теңгені құрады. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 3,2%-ға аз. Алайда, кейбір аймақтарда көрсеткіш өскенін NUR.KZ журналистері анықтады.

Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) Қазақстандағы орташа жалақы туралы жаңартылған деректерді жариялады. Бұл деректер кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмастан алынған.

Қазақстандағы орташа жалақы қандай?

Есепке сәйкес, 2024 жылдың үшінші тоқсанында есепке алынған компаниялар мен ұйымдардағы жұмысшылар саны 3,7 млн адам. Осы үш айда олар 4,4 трлн теңге көлемінде жалақы алған.

Жалақы қорына лауазымдық жалақылармен қатар, қосымша төлемдер, үстемеақылар, сыйақылар және ынталандыру мен өтемақы түріндегі басқа да төлемдер енгізілген. Бұл көрсеткіштер салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстауға дейінгі мөлшерде тіркелген.

Осылайша, 2024 жылдың үшінші тоқсанында бір жұмысшының орташа айлық номиналды жалақысы 390 328 теңгені құрады. Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,2%-ға азайған. Бірақ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда – 11,3%-ға өскен.

2024 жылдың алғашқы тоғыз айында орташа жалақы – 391 713 теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11,8%-ға өскен.

Қай аймақта орташа жалақы жоғары

Ең жоғары орташа жалақы Атырау облысында тіркелген – 630 894 теңге. Екінші орында Маңғыстау облысы – 570 233 теңге, үшінші орында Ұлытау облысы – 515 543 теңге.

Бес жетекші аймақтың қатарына сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары енді – сәйкесінше 504 212 және 471 264 теңге. Шымкентте бұл көрсеткіш - 309 733 теңге.

Ең төменгі орташа айлық номиналды жалақылар Жетісу облысында (280 464 теңге), Жамбыл облысында (279 645 теңге) және Түркістан облысында (266 590 теңге) тіркелген.

Айта кетсек, орташа көрсеткіш тек Атырау облысында – 6,1%-ға, сондай-ақ Қостанай облысында аз ғана – 0,2%-ға өскен.

Қалған аймақтарда бұл көрсеткіш төмендеген. Әсіресе, Қызылорда облысында (9,9%-ға), Жамбыл облысында (13,4%-ға) және Түркістан облысында (17,8%-ға) айтарлықтай азайған.