Президенттің айтуынша, өткен жыл ЕАЭО үшін мерейтойлық кезең болып, одақ дамуының екінші онжылдығына сенімді қадам жасалды. Соңғы жылдардағы жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, одақ елдері оң экономикалық өсімді сақтап отыр.
Тоқаев алдағы басты міндет – интеграцияның тиімділігін арттыру, ЕАЭО-ның әлеуеті мен маңызын күшейту екенін атап өтті. 2026 жылдан бастап 2030 жылға дейін және 2045 жылға арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясын іске асыру басталатынын айтты. Бұл стратегиялық құжатта белгіленген мақсаттарға басымдық берілмек.
Қазақстан төрағалығы кезеңінде бірнеше негізгі бағытқа назар аударуды ұсынды.
Жасанды интеллект – интеграцияның жаңа құралы.
Президенттің мәліметінше, соңғы жылдары ЖИ-ге салынған инвестиция көлемі 1 трлн доллардан асты, ал оның жаһандық экономикаға қосатын үлесі алдағы онжылдықтарда 10 трлн доллардан асуы мүмкін. Қазақстан цифрлық елге айналуды стратегиялық мақсат етіп отыр. Астанадағы Alem.ai орталығы мен Алатаудағы CryptoCity пилоттық аймағы осы бағыттағы нақты қадамдар екенін айтты. Тоқаев 2026 жылы Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форум аясында ЖИ-ді жауапты дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоюды ұсынды.
Еуразияның логистикалық хабы.
ЕАЭО Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын геосаяси көпір екенін айтқан Президент одақ елдері континенттегі жетекші логистикалық хабқа айналуы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін көлік-логистика және кеден инфрақұрылымын жетілдіру, халықаралық дәліздерді дамыту, «ақылды» жүйелер мен үлкен деректерді енгізу қажет. Қазақстанда Smart Cargo жобасы іске қосылып, құжаттар электронды форматқа көшіріліп жатыр.
АПК мен өнеркәсіптегі технологиялық серпіліс.
Тоқаев ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті ЕАЭО елдерінің экономикалық іргетасы деп атап, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығару үшін кооперацияны күшейту қажет екенін айтты. Қаржыландыру ең алдымен серпінді инновациялық жобаларға бағытталуы тиіс.
Кедергісіз сауда – негізгі қағида.
Президент әкімшілік тосқауылдарды жоюды, шекаралардағы бюрократия мен жасанды шектеулерден бас тартуды талап етті. Кедендік және өзге де бақылау тетіктері қысым құралына айналмауы тиіс екенін атап өтті. Ол заңнамалық бастамаларды бақылауға жасанды интеллектіні тартуды ұсынды.
Сауданың жаңа географиясы.
Тоқаев ЕАЭО-ның сыртқы серіктестермен ынтымақтастығын кеңейту маңызды екенін айтты. 2025 жылы Моңғолия және Индонезиямен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге, БАӘ-мен экономикалық әріптестікке қол қойылғанын еске салды. Алдағы уақытта Глобалдық Оңтүстік, Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдерімен байланыстарды күшейту қажет.
Президент Қазақстан төрағалық кезеңінде осы күн тәртібіндегі міндеттердің толық орындалуына барынша үлес қосатынын айтып, ЕАЭО елдерінің экономикаларын бірлесе дамытқанда ғана ортақ мақсаттарға қол жеткізуге болатынын атап өтті.