Ал қышқыл сүт өнімдерінің бағасы 13,4%-ға, ірімшік бағасы 12,4%-ға өскен. Бұл көрсеткіштер қаңтар–сәуір айларындағы азық-түлік инфляциясының жалпы деңгейіне (12,1%) жуық екенін Energyprom.kz хабарлады.
Сүт өнімдерінің жылдық бағасының 9–12%-ға өсуі бір сәттік қымбаттау емес, ай сайын жиналған инфляцияның нәтижесі болып отыр. ҰСБ деректеріне сәйкес, соңғы 12 айда сүт ай сайын орта есеппен 0,8%-ға, қышқыл сүт өнімдері 1,1%-ға, сүзбе 0,9%-ға, ірімшік 1,1%-ға қымбаттап отырған. Биыл сәуір айында ірімшік бағасы бірден 2,1%-ға өскен. Ал қаңтар және наурыз айларында сүзбе бағасы 2%-ға көтерілген.
Соңғы бірнеше жылдағы тұтыну бағалары индексімен салыстырғанда, 2026 жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіштер аса жоғары емес. Ең үлкен қымбаттау 2022 жылы тіркелген. Ол кезде сүт өнімдерінің жалпы баға индексі 131,3%-ға жеткен. Кейбір санаттар бойынша өсім бұдан да жоғары болды: мысалы, қоюлатылған сүт 43,3%-ға, қатты ірімшік 34,2%-ға қымбаттаған. Кейінгі жылдары бағаның тұрақтану үрдісі байқалды. 2024–2025 жылдары өсім қарқыны баяулап, индекс 103–114% аралығында қалыптасты.
Сарапшылардың айтуынша, өнім бағасының өсуіне әсер еткен негізгі себептердің бірі — ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шикі сүтке қоятын босату бағасының көтерілуі. Қаңтар–сәуір айларында тауар өндірушілер сиыр сүтінің бағасын 8,6%-ға арттырған. Тұтынушылық баға индексі мен өндірушілер бағасының арасындағы айырмашылықтың аз болуы басқа инфляциялық факторлардың ықпалы айтарлықтай жоғары емес екенін көрсетеді.
Көпжылдық деректер фермерлердің сиыр сүтінің бағасын жыл сайын көтеріп отыратынын көрсетеді. Алайда бұл үдеріс біркелкі емес. Мысалы, 2023 жылы өндірушілер шикізат бағасын бірден 18%-ға өсірсе, келесі жылы өсім небәрі 3,1% болған. Бұл жағдай экономикалық, аграрлық және нарықтық факторларға байланысты өзгеріп отырады.
Осы жылдың наурыз айында ҚР Сауда және интеграция министрлігі сүт өңдеу кәсіпорындарын қолдау мәселесін қарастыруды ұсынған еді. Алайда содан бері нақты әрі түбегейлі шешімдер туралы ақпарат жарияланған жоқ.