Негізгі бағыттар:
Заң ЖИ жүйелерін құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыда реттеп, ашықтық пен қауіпсіздікке басымдық береді. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда қолдану тәртібі нақтыланып, Үкіметке бұл салада саясат жүргізу құзыреті берілді. Мәжіліс түсіндіргендей, бұл — Қазақстанда қауіпсіз әрі сенімді ЖИ экожүйесін құрудағы алғашқы қадам.
Тәуекелдер мен шектеулер:
ЖИ жүйелері тәуекел деңгейіне қарай жіктеледі. Мәселен, киберқауіпсіздік немесе стратегиялық инфрақұрылымдағы жоғары тәуекелді жүйелер ерекше бақылауға алынады. Ал толық автономды шешімдер — мысалы, өздігінен жүретін көліктер — бөлек заңнамалық актілермен реттелмек.
Ең басты тыйымдар:
ЖИ мынадай қауіпті қолдануларға жол бермейді:
- адамның келісімінсіз мінез-құлқына ықпал ету;
- әлеуметтік әлсіз топтарды әдейі пайдалану;
- әлеуметтік скоринг (азаматтарды мінез-құлқы үшін бағалау);
- эмоцияларды келісімсіз талдау;
- қоғамдық орында бет-әлпетті онлайн-режимде тану (ерекше жағдайдан тыс);
- заңсыз синтетикалық контент тарату.
Синтетикалық контент:
ЖИ арқылы жасалған кез келген контент арнайы белгімен белгіленуі тиіс. Бұл қадам қоғамдағы сенімді арттырып, технологияның мүмкіндіктерін қауіпсіз пайдалануға бағытталған.
Авторлық құқық пен жауапкершілік:
Тек ЖИ өзі шығарған туынды авторлық құқыққа жатпайды.
Ал пайдаланушының енгізген шығармашылық идеясы (prompt) авторлық құқық нысаны ретінде қарастырылуы мүмкін.
ЖИ-ді оқыту үшін шығармаларды пайдалану, егер автор арнайы тыйым қоймаса, рұқсат етіледі.
Егер ЖИ-дің жұмысы адамға зиян келтірсе, жауапкершілік оның иесіне немесе операторына жүктеледі. Қазір сақтандыру ерікті болса да, болашақта бұл азаматтардың құқығын қорғаудың негізгі тетігіне айналуы мүмкін.