2026 жылғы 21 мамырда Microsoft компаниясы Work Trend Index 2026 атты ауқымды зерттеуін ұсынды. Зерттеу жасанды интеллект пен ЖИ-агенттердің қазіргі жұмыс форматын қалай өзгертіп жатқанын талдауға арналған. Оның аясында Microsoft 365 жүйесіндегі триллиондаған анонимдендірілген өнімділік сигналдары сараланып, әлемнің 10 еліндегі 20 мың ЖИ пайдаланушысына сауалнама жүргізілді. Сонымен қатар, жасанды интеллект, еңбек ұйымдастыру және ұйымдық психология салаларындағы жетекші сарапшылардың пікірі ескерілген.
Зерттеудің басты қорытындысы — ұйымдарда ЖИ енгізудің нәтижесіне корпоративтік мәдениет пен көшбасшылық қызметкерлердің жеке күш-жігеріне қарағанда екі есе көбірек ықпал етеді. Microsoft дерегіне сәйкес, ұйымдық факторлардың әсері 67%-ды құраса, жеке факторлардың үлесі 32% болған.
Microsoft компаниясының Румыния, Молдова және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Габриэла Попеску қазіргі таңда жасанды интеллектке қолжетімділік жаппай сипат алып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ-агенттер орындаушылық міндеттердің басым бөлігін өзіне алған сайын, қызметкерлердің процестерді басқару, шешім қабылдау және нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі артып келеді.
Зерттеу ЖИ қызметкерлердің интеллектуалдық мүмкіндігін кеңейтіп жатқанын да көрсетті. Microsoft 365 Copilot жүйесіндегі 100 мыңнан астам диалогты талдау нәтижесінде барлық өзара әрекеттесулердің 49%-ы ақпаратты талдау, мәселені шешу, деректерді бағалау және шығармашылық ойлауға бағытталғаны анықталған.
Сонымен қатар, ЖИ қолданушыларының 58%-ы бүгінде бір жыл бұрын орындай алмаған тапсырмаларды атқара алатынын айтқан. Ал Frontier Professionals деп аталатын ең белсенді ИИ пайдаланушылар арасында бұл көрсеткіш 80%-ға жеткен.
Респонденттердің пікірінше, ЖИ дәуірінде ең маңызды адами дағдылардың қатарында жасанды интеллект нәтижелерінің сапасын бақылау (50%) және сыни ойлау қабілеті (46%) тұр.
Алайда зерттеу ұйымдардың ішінде белгілі бір қайшылық бар екенін де көрсетті. ЖИ пайдаланушыларының 65%-ы жаңа технологияларға тез бейімделмесе, артта қалып қоюы мүмкін деп алаңдайды. Бірақ сонымен бірге 45%-ы жұмыс процесін ЖИ көмегімен қайта құрудан гөрі қазіргі жұмыс тәсілін сақтауды қауіпсіз көреді.
Сауалнамаға қатысқандардың тек 13%-ы ғана компанияларда ИИ негізіндегі жаңа тәсілдермен тәжірибе жасауға қолдау бар екенін айтқан. Ал 26%-ы ғана ұйым басшылығының ЖИ стратегиясына қатысты нақты әрі ортақ ұстанымы бар деп есептейді.
Microsoft зерттеуінде әрбір ұйым «үздіксіз үйренетін жүйеге» айналуы тиіс екені айтылған. Мұндай ортада ЖИ стратегиялық артықшылық ретінде қабылданып, тәжірибе жасауға мүмкіндік берілуі керек. Сонымен бірге, басшылар ЖИ қолданудың үлгісін көрсетіп, қызметкерлердің жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасауы маңызды.
Компания сондай-ақ Frontier Firms ұғымын енгізді. Бұл — ЖИ-ді тек сынақ ретінде емес, жүйелі түрде енгізіп, адам мен жасанды интеллект арасындағы өзара әрекетке негізделген жаңа операциялық модель қалыптастырып жатқан ұйымдар.
Microsoft мәліметінше, дәл осындай ұйымдар болашақта бәсекелестерінен жылдамырақ дамып, интеллектуалдық әлеуетін күшейтіп, тұрақты артықшылыққа ие болады.