Кездесу барысында жүк тасымалы логистикасын жетілдіруге бағытталған бірқатар келісімдер бекітілді. Атап айтқанда, вагон ағынын бағыттау, пойыздарды қабылдау мен тапсыру тәртібін оңтайландыру, кепілді қызмет көрсету қашықтығын арттыру қарастырылған.
– Стратегиялық серіктестік туралы келісім аясындағы ынтымақтастығымыз бен МГСП (мемлекетаралық түйісу пункттері) бойынша бірлескен жұмысымыз жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсуіне жол ашып, пойыз алмасуын тәулігіне 85 жұпқа дейін немесе 2025 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 30 пайызға арттырады деп сенемін. Сонымен қатар, біз ауқымды инфрақұрылым жобаларын іске асырып, теміржол тасымалын цифрландыру мен автоматтандыруды қолға алдық. Оның ішінде транзиттік декларацияларды автоматты түрде рәсімдеу де бар. Бұл – жүйелердің ашықтығын қамтамасыз етіп, тасымал инфрақұрылымын одан әрі дамыту мен интеграциялауға берік негіз қалыптастырады, – деді ҚТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов.
Келіссөздер кезінде тараптар Солтүстік – Оңтүстік халықаралық дәлізінің шығыс бағыты бойынша тасымал көлемін арттыру, АСОУП-2 (тасымалды жедел басқарудың автоматтандырылған жүйесі) жобасы шеңберінде ақпараттық жүйелерді біріктіру және Қытай – Еуропа бағыты бойынша жүктерге транзиттік декларацияларды автоматты рәсімдеу мәселелерін де көтерді. Бұл құжаттар Ресей мен Беларусь теміржол жүйелерімен үйлесімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Ресейдің теміржол әкімшіліктері 2026 жылға арналған тасымал көлемі мен пойыздарды қабылдап-тапсыру мәселесін биыл күзде өтетін жұмыс тобының бірлескен отырысында кеңінен талқылайтын болады.
ҚТЖ өкілдерінің айтуынша, биыл Достық – Мойынты теміржол желісінің құрылысы, Алматы торабын айналып өтетін жаңа бағыт және 3 мың шақырымнан астам теміржолды жаңғырту жұмыстары аяқталмақ. Бұл жобалар компанияның өткізу мүмкіндігін едәуір арттырады.
Биылғы алғашқы алты айда тасымал көлемі 45 миллион тоннадан асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға өскен. Контейнерлік транзит 273,3 мың ЖФЭ-ге (жиырма футтық эквивалент) жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан.