Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Арзанқол Қытай генераторлары «отандық өнім» ретінде сатылуда

Құқық қорғаушы Айгүл Орынбек елдегі кейбір ірі ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алу жүйесін жеке пайда табудың құралына айналдырғанын мәлімдеді. Ол бұл туралы өз парақшасында жазды.

Арзанқол Қытай генераторлары «отандық өнім» ретінде сатылуда
Фото: ertenmedia

Оның айтуынша, «отандық тауарды қолдау» деген желеумен Қытайда жасалған арзан генераторлар отандық өнім ретінде көрсетіліп, бірнеше есе қымбат бағамен мемлекетке сатылып жатыр. Бұл – ұлттық компаниялар мен оларға қатысы бар делдалдардың ойлап тапқан алаяқтық схемасы.

Айгүл Орынбек нақты мысал ретінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының сатып алуына тоқталды. Компания еліміздің сегіз облысына 18 дана жылжымалы электростанция (генератор) алуға тендер жариялаған. Бұл үшін 185 миллион теңге қарастырылған.

Тендер талаптары бойынша, өнім Ameco industrial брендімен шығуы және отандық өндірістен болуы керек. Алайда, құжаттарда көрсетілген өндіруші мекенжайы – қарапайым екі бөлмелі пәтер болып шыққан.

«Екі бөлмелі пәтерде өндіріс орын ала ма? Бұл шындыққа жанаспайды», – дейді Айгүл.

Оның зерттеуінше, бұл генераторлар Қытайдан 200-300 мың теңге аралығында әкелінеді де, «Қазақстанда құрастырылды» деген күмәнді сертификат арқылы 1,5 миллион теңгеден астам бағада қайта сатылады.

Мәселен, ҚТЖ генераторлардың әрбірін 1 516 000 теңгеге бағалаған және жеткізуші компанияға алдын ала 55 миллион теңге аударып қойған. Алайда ашық дереккөздерде сол генераторлардың нарықтағы бағасы 200-359 мың теңге арасында екені анық көрінеді.

Айгүл Орынбектің айтуынша, тендерге қатысушы көптеген фирмалар тек делдал рөлін ғана атқарады. Өнім өндірмейді, тек құжат жүзінде отандық статусын дәлелдейтін сертификат алып, ішкі байланыстары арқылы жеңімпаз атанады.

«Бұларды ешкім тексеріп жатқан жоқ. Әділетті Қазақстан деген ұғым қайда қалды?» – деп, заңгер қазіргі жүйеге сын айтты.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату