Осындай күрделі жағдайда бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды сақтап, бейбітшілікті нығайту үшін жаһандық диалог қажет. Бұл бағытта Қазақстан бастамашы болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ерекше маңызға ие. Әлемдік қоғамдастық алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі - түрлі діндер мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз етіп, әртүрлілікке құрметпен қарау арқылы ортақ құндылықтарды сақтау. Бұл үшін тек саяси немесе экономикалық шаралар жеткіліксіз, рухани және моральдық ұстанымдарға негізделген халықаралық келісім қажет. Мұндай келісімді қалыптастыруда дін көшбасшылары мен рухани қайраткерлердің рөлі айрықша.
Осы ретте Қазақстанның бастамасымен өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ерекше маңызға ие.
Бұл форум тек дінаралық үнқатысу алаңы ғана емес, сонымен қатар толеранттылық пен өзара түсіністікті ілгерілетуге бағытталған бірегей платформа болып табылады. Съезд аясында әртүрлі діндердің өкілдері өзара ашық пікір алмасып, бейбітшілік, әділеттілік және адамзаттың тұрақты дамуы мәселелерін бірлесе шешудің жолдарын қарастырады.
2003 жылы Астанада алғаш рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі дінаралық үнқатысу алаңына айналды. Бұл бастама сол кезеңде көтеріліп, бүгінге дейін жеті рет табысты өткізілді. 2025 жылдың қыркүйек айында VIII съезді өткізу жоспарланып отыр.
Съездің басты мақсаты - түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдерінің арасында сенім мен өзара құрметке негізделген диалог орнату. Форум аясында қатысушылар жаһандық сын-қатерлерге бірігіп жауап берудің, рухани тұтастықты сақтау мен діни экстремизмге қарсы тұрудың жолдарын қарастырады.
Съездің негізгі басымдықтары:
- Бейбітшілік пен келісім мәдениетін қалыптастыру;
- Төзімділік пен конфессияаралық өзара түсіністікті нығайту;
- Діннің беделін саясаттандыруға жол бермеу;
- Рухани дипломатияны дамыту.
Әр съезд соңында қабылданатын бірлескен декларациялар әлем қауымдастығына үндеу ғана емес, адамзаттың рухани жолын бағдарлайтын маңызды құжаттар саналады.
Съезді өткізіп қана қоймай, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Хатшылық пен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығын құрды. Бұл құрылымдар дінаралық ынтымақтастықты тереңдетуге, рухани құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған нақты жұмыстар атқаруда.
2025 жылғы VIII Съездің басты тақырыбы - «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия». Бұл алқалы жиында ХХІ ғасырда діннің орны, жасанды интеллект дәуіріндегі рухани бағдар, діни экстремизмге қарсы бірлескен әрекет сынды маңызды мәселелер талқыланбақ.
Съезд аясында қолға алынған тың бастамалардың бірі Жас дін лидерлерінің форумы. Бұл дін саласындағы жас көшбасшыларды ортақ мақсатқа жұмылдыру арқылы диалог сабақтастығын қамтамасыз етудің бірегей жолы. Сонымен қатар, съезд жанынан құрылған Ізгі ниет елшілері институты да осы миссияны жалғастырып отыр. Оның мүшелері түрлі дін өкілдері мен танымал тұлғалар, соның ішінде қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де бар.
Съездің тұрақты өткізілуі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен бейбітсүйгіш саясатының айқын дәлелі. Бұл бастама арқылы еліміз әлемдік қауымдастыққа бірлік пен келісімге апарар жолдың тек диалог арқылы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, съезд шеңберіндегі пікір алмасулар мен бірлескен шешімдер әлемдік қоғамдастыққа діннің тек рухани ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы маңызын ұғындыруда. Әрбір дін өкілі өз мәдениеті мен сенімін құрметтету арқылы өзге сенімдерге деген сыйластықты арттыруға үлес қосып келеді.
Қазақстанның бұл бастамасы - бейбітшілік пен өзара келісімді насихаттайтын жаһандық үндеу. Бұл форум арқылы түрлі конфессиялар арасындағы сенімсіздік пен шекаралар жойылып, орнына өзара құрмет пен түсіністік орнап келеді. Мұндай рухани интеграция әсіресе қазіргі турбулентті әлемде ерекше өзектілікке ие.
Абай облысының дін істері басқармасының басшысы
Ысқақов Сейілбек Абиұрұлы