Басылым атап өткендей, Қазақстан дәстүрлі түрде табиғи ресурстарымен танымал ел болғанымен, қазір өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы күш-жігерімен де танылып келеді. Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылға қарай елдегі кедейлік деңгейі 2001 жылмен салыстырғанда 46,7%-дан 5%-ға дейін төмендеген. Осы уақыт аралығында нақты жалақы 21%-ға артқан, бұл инклюзивті өсуді көздейтін жан-жақты трансформацияның нәтижесі екенін көрсетеді.
Көптеген дамушы экономикалар кедейлікпен күресте тікелей қаржылай төлемдерге арқа сүйесе, Қазақстан еңбек нарығына интеграция мен жұмыс орындарын құруға басымдық береді. Бұл бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Жобалардың инновациялық навигаторы» атты цифрлық платформасы. Бұл платформа еңбек нарығындағы үрдістерді бақылап, инвестициялық ағындарды талдап, жұмыспен қамту әлеуетін болжайды. Қазіргі таңда платформа 73,7 трлн теңге көлеміндегі 1383 инвестициялық жобаны бақылауда ұстап отыр. Бұл жобалар 220 000-нан астам жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. 2025 жылға қарай 30 660 жұмыс орны құрылған. Аймақтық жұмыспен қамту жол карталары 250 000-нан астам азаматтың еңбек нарығына қосылуына мүмкіндік берді. Оның ішінде 115 900 адам субсидияланған жұмыс орындарына, 66 600 адам ашық нарықтағы жұмыс орындарына, ал 62 900 адам жекеменшік бастамалар арқылы жұмысқа орналасты, – деп атап өтті басылымның бас редакторы Ванда Рич.
Ол 2025 жылы құрылған 90 000 жұмыс орны тұрақты екенін және бұл ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ететінін баса айтты. Сонымен қатар, түлектерді кепілдендірілген жұмыспен қамтуды мақсат еткен қысқа мерзімді кәсіби оқыту бағдарламалары ұсынылуда. Бұл бағдарламалар әсіресе мүгедектігі бар азаматтар, білім алмаған жастар мен жұмыссыз түлектер сияқты осал топтарға бағытталған. Сондай-ақ өңірлер арасындағы еңбек күші теңсіздігін жою үшін көшуге арналған гранттар қарастырылған.
2025 жылы Қазақстан 4,7 миллион осал азаматқа – зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін 6 трлн теңгеден астам қаражат бөлді. Уязвимостьті бағалау жүйесіне негізделген жаңа цифрлық платформа азаматтардың нақты қаржылық мұқтаждығын анықтауға көмектесіп, ресурстарды әділ және тиімді бөлуді қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта бұл платформа кейбір өңірлерде пилоттық түрде сынақтан өткізілуде. Қазақстан сондай-ақ жыл сайын 4,7 миллионнан астам адам үшін зейнетақылар мен жәрдемақыларды индексациялап отырады. 2023 жылы басталған кезең-кезеңімен реформа нәтижесінде 2027 жылға қарай базалық зейнетақы мөлшері базалық стандарттың 70%-ына, ал ең жоғарғысы 120%-ына дейін өседі. 2023 жылы 2,3 миллион зейнеткердің зейнетақысы орта есеппен 28%-ға артты. 2025 жылдың басында зейнетақы алмастыру коэффициенті 45,5%-ға жетіп, Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес келді.
2024 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі бекітілді. Ол медиандық жалақы деңгейлері мен еңбек өнімділігіне негізделген. Бұл жүйе жұмыс берушілердің мүмкіндіктері мен жұмыскерлердің қажеттіліктерін теңестіре отырып, еңбекақы мөлшерінің болжамдылығын арттырады. 2020 жылдан 2025 жылға дейін 1,2 миллион мемлекеттік қызметкердің жалақысы айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, 600 000-ға жуық мұғалім мен 40 000 әлеуметтік қызметкердің жалақысы 2020–2023 жылдар аралығында екі есе артты. Дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ға, медбикелердікі 20%-ға өсті. Тағы 600 000 мемлекеттік қызметкердің жалақысы кезең-кезеңмен артты. 2024 жылы елде қауіпті жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлерге арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл шара жұмыс орнындағы қауіпсіздікті арттыруға және кәсіптік аурулардың алдын алуға бағытталған, – деп атап өтеді автор.
Қазақстанның құрылымдық реформалары тек әлеуметтік саламен шектелмейді. 2025 жылы 45 жаңа инвестициялық жобаның іске қосылуы жоспарланып отыр, олар шамамен 20 000 жұмыс орнын ашады. 2026 жылы – 98 жоба арқылы 24 900 жұмыс орны, ал 2027 жылы – 56 жоба аясында 27 700 жұмыс орны құрылады. 2010 жылдан бері үй шаруашылықтарының нақты табысы 80%-ға артты, бұл тіпті дағдарыс кезеңдерінде де байқалған. Бұл өсім әлеуметтік шығындардың ұлғаюымен қатар жүрді: 2010 жылдан 2025 жылға дейін біріктірілген бюджеттік шығындар 4,5 трлн теңгеден 30,3 трлн теңгеге дейін өсті, ал әлеуметтік қорғауға арналған шығындар 6,7 есе артып, 6 трлн теңгеге жетті. Осы кезең ішінде әлеуметтік шығындар ұлттық бюджеттің шамамен 20%-ын тұрақты түрде құрап отыр.