Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аймақтарынан алаңдатарлық мәлімет келіп жатыр

Ресейлік диқандар Қазақстанмен шекаралас өңірлерде бидай себуден жаппай бас тартып жатыр. Бұл жайлы бірқатар сарапшылар биылғы маусымда Ресейде астық түсімі соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болуы мүмкін екенін алға тартады.

Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аймақтарынан алаңдатарлық мәлімет келіп жатыр
Фото: ашықдереккөз

Бұған дейін, 2024 жылғы желтоқсанда «СовЭкон» аналитикалық орталығының жетекшісі Андрей Сизов 2025 жылы Ресейде бар болғаны 78,7 млн тонна бидай жиналуы мүмкін екенін болжаған еді — бұл өткен жылдармен салыстырғанда 3 млн тоннаға аз.

Алайда орталық биылғы маусымға қатысты болжамын сәл жақсартып, маусымдағы есебінде бидай түсімін 82,8 млн тонна деп нақтылады. Десе де, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 10 млн тоннаға аз. Ол жылы Ресейде 92,8 млн тонна бидай алынған болатын.

Бидай түсімі неге азаюы мүмкін?
Аналитиктер бірнеше негізгі себепті атап өтеді. Біріншіден, соңғы жылдары енгізілген экспорттық баж салығы фермерлердің табысын азайтып отыр — кей жағдайда пайда 10-40%-ға дейін қысқарады. Екіншіден, ауа райы тұрақсыз: күн суытып, жауын-шашын көбейген. Кейбір өңірлерде бұршақ жауып, тіпті қар аралас жаңбыр жауған. Якутияда маусым айында қар түскенін Ресейдің Гидрометорталығы да растады.

Оған қоса, Сизов Ресейдегі егіс алқаптарының жағдайын соңғы ондаған жылдағы ең төмен деңгейде деп бағалайды. Тыңайтқышты үнемдеу жердің құнарын күрт төмендеткен. Жер деградациясы қарқынды жүріп жатыр.

Астық трейдерлерінің айтуынша, келесі жылдары жағдай ушығуы мүмкін: 2026 жылы Ресейдегі астық түсімі 70 млн тоннаға, ал 2027 жылы – 65 млн тоннаға дейін құлдырауы ықтимал. Бұл елдің ішкі сұранысын өтей алмай қалу қаупін арттырады. Себебі ресейлік сарапшылардың мәліметінше, елдегі жылдық қажеттілік 75 млн тоннадан асып кеткен.

2023 жылы Ресейде 74,4 млн тонна бидай тұтынылған: оның 44%-ы наубайхана және кондитерлік өнімдерге, қалған 56%-ы мал азығына жұмсалған.

Қазақстандықтар үшін бұл не білдіреді?
ElDala порталының жазуынша, Ресей Қазақстанмен шекаралас өңірлерде егістік көлемін айтарлықтай қысқартқан. Бұл жаңалықты қазақстандық диқандар оң қабылдады. Себебі соңғы жылдары арзан ресейлік бидай отандық нарықты басып қалып, бағалар құлдырап, қазақстандық шаруалар шығынға ұшыраған болатын.

Мысалы, Сібір мен Орал өңірлерінде егіс көлемі 1 млн гектарға қысқарған. Егер орташа өнімділік гектарына 30 центнер деп есептесек, бұл Қазақстанға бұрын экспортталып келген 3 млн тонна бидайдың жоғалуы деген сөз. Айта кетейік, дәл осынша көлем 2023 жылы Қазақстанға Ресейден әкелінген болатын.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден бидай әкелуге қатысты шектеулерді алып тастағанымен, биыл бұл фактор онша әсер ете қоймауы мүмкін. Керісінше, ресейлік өңірлердің өздері Қазақстаннан астық сатып алуға мәжбүр болуы ықтимал — дегенмен, қазіргі таңда бұл тарапқа Россельхознадзор тыйым салып отыр.

Неге фермерлер бидайдан бас тартып жатыр?
Бидай өсіруден гөрі күнбағыс, рапс, бұршақ тәрізді майлы және бұршақты дақылдарды өсіру әлдеқайда тиімді болып отыр. Бұл өнімдерге мемлекеттен қомақты субсидия беріледі, әрі нарықтағы бағасы да жоғары. Сондықтан ресейлік шаруалар да, қазақстандықтар да егіс құрылымын өзгертуге мәжбүр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату