Кеңеске көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов және Шекара қызметінің өкілі Ерлан Алдажұманов қатысты. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарадағы 9 өткізу бекетін жаңғырту жоспарланған. Оның төртеуі – Капланбек, Атамекен, Қолжат және Алакөл – қазірдің өзінде тапсырылған. Қалған бесеуі жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, «Жібек жолы» өткізу пункті де қайта жаңартылып жатыр, бұл жұмыс 2026 жылдың алғашқы жартысында бітеді деп жоспарлануда.
Осы кеңесте Бектенов Мемлекеттік кірістер комитеті мен Автожолдар комитетінің басшыларын мерзімді орындамағаны үшін жауапқа тартуды тапсырды. Министрлер өңірлерге жіберіліп, шекарадағы жұмысты бақылауға міндеттелді. Сонымен қатар премьер кеден бекеттеріндегі қызметкерлерге қойылатын талапты күшейтіп, өткізу бекеттерін қажетті техникамен және тұрақты интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Көлік және қаржы министрліктері енді әр апта сайын реконструкция жұмыстары бойынша есеп беретін болады.