Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Танымал блогер Қажымұқанның жапон балуанын жеңгеніне сыни-пікір жазыпты

Танымал блогер Асқар Базарбай өз Facebook парақшасында Қажымұқанның жапон балуанын жеңгеніне сыни-пікір білдірді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Танымал блогер Қажымұқанның жапон балуанын жеңгеніне сыни-пікір жазыпты
Фото: Facebook/ Асқар Базарбай

"Қажымұқан жекпе-жекте өлтірген Саракики Джиндофу жапон емес, қазақ боп шықса, неге таң қалмауымыз керек?
Алдында фактчек пен сыни пайымның скальпеліне Балуан Шолақтың 51 пұт кірдің тасын көтергені іліккен.
Енді Қажымұқанның қолынан "өлді" деп жарнамаланған Саракики Джиндофу деген құпия адамның дерегін тексермек болдым.
 Тарихи жазбалар мен қолда бар дәлелдерді зерттегеннен кейін, бірнеше факт бұл әңгіме нақты жекпе-жектен гөрі жарнамалық аңыз болуы мүмкін екеніне меңзейді. 

Айғақсыздық пен бұлыңғыр ақпарат

Мұнайтпасовтың Саракики Джиндофуды қалай жеңгені, оны мерт қылғаны туралы әңгіме негізінен көбіне қазақ дереккөздерінде кездеседі. Бір жерде Джиндорфу Саракики - қытайлық ретінде көрсетілген. Бір қызығы, сол дәуірдегі күреспен / джиу-джитсумен айналысқан жапон немесе қытай мұрағаттарында мұны растайтын дерек жоқ.Жапон мұрағатында осы заманның күресшілері өте жақсы зерттеліп, құжатталған. Ал "Джиндофу Саракики" атауы белгілі жапон немесе қытай балуандарына еш сәйкес келмейді және жапон атауларын транслитерациялаудың белгілі тәсілдерімен үйлеспейді.  Бұл сәйкессіздік ондай адамның өмірде болғаны мен оқиғаның ақиқаттығына күмән тудырады. Кейіпкердің өз аты да, ұлты да басқаша болуы, "жекпе жектен өлген" емес, жай ғана жеңіліп, сахнадан сызылып тасталған болуы да әбден мүмкін. 

Сол дәуірге тән жарнамалау тәсілдері

20-ғ. басында Ресей империясындағы және оған жақын аймақтардағы балуандар мен промоутерлер балуанның беделін көтеру және үлкен аудиторияны тарту үшін әңгімелерді жиі қиялдан құрастырып  немесе тым әсірелеп айтуға бейім еді .  Әдетте қарсыластардың соққысын, күшін асыра жазып,  оған драмалық сюжеттер қосатын тәсіл болды.  Бұл тұрғыда Мұнайтпасовтың "жапондық джиу-джитсу шеберін" жеңгені тіпті өлтіріп тынғаны туралы оқиға осындай жарнамалық ой-пікірлердің шеңберіне сәйкес келеді. 

Төбелестің театрлық сипаты

Сол кезеңдегі күрес ұйымдары цирк қойып, шоу жасап,  жекпе-жектерді, кіртас көтеру т.б. жарыстарды қойылым ретінде үйлестірді. Видеодағы жекпе-жек көрінісі нағыз төбелестен гөрі, Жапондардың Бушидо шоуы, АҚШ-тағы Реслинг шоуы секілді дайын хореографияға көбірек ұқсайды.  Экзотикалық кейіпкерді алдымен жарнамалау, содан соң жиылған қауымға қойылым көрсетіп, "мерт болды" қылу  Мұнайтпасовтың аңызға айналған мәртебесін көтеруге, күрес ұйымының қалтасын қампайтуға арналған спектакль болуы мүмкін. 

Қорытынды

Тәуелсіз тексерудің жоқтығын, сол кездегі жарнамалау тәсілдерін және 20 ғ. басындағы күрес жекпе-жегінің театрлық сипатын ескере отырып, Қажымұқан Мұнайтпасовтың Саракики Джиндофуға қарсы атышулы жекпе-жегі туралы әңгіме тарихи фактіден гөрі жарнамалық аңыз болуы мүмкін деген қорытындыға келген жөн.  Бұл әңгіме Мұнайтпасовтың мәртебесін көтеру және күрес шеберлігі туралы экзотикалық сауық іздейтін аудиторияны тарту үшін жасалуы мүмкін. Ал "атышулы" Саракики рөлін ерікті бір ортаазиялық адам ойнап бере алар еді. 
Қажымұқанның өзін о баста, промоутерлер Империя жұртына Ямагата Муханура деп таныстырғанын ескерсек, бұндай логика негізсіз емес. 

Бұл Қажымұқанның күрес әлеміндегі бейнесіне көлеңке түсірмейді, әрине. Тек сол заманда да Гари Олбрайт пен Нобухико Такаданың көрме жекпе-жегі сияқты  "шоу" төбелестер біз ойлағаннан жиірек құбылыс болғанын білдіреді"- деп жазды ол.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату