Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қытайды шулатқан блогер елге оралған бойда полиция бөліміне шақырылды

Қытайда түсірген пранк видеолары қоғамда қызу талқыға түскен блогер Аружан Айбекова елге оралған соң Алматы қаласының полициясы оны профилактикалық әңгімеге шақырды. Бұл туралы қалалық ПД Instagram парақшасында мәлімдеді.

Қытайды шулатқан блогер елге оралған бойда полиция бөліміне шақырылды
Фото: ПД

"Қытайдан жақында келген азаматпен полиция қызметкерлері профилактикалық және түсіндіру сипатындағы әңгіме жүргізді. Әлеуметтік желілерде кең таралған видеолар оның қатысуымен түсірілген. Сол роликтердің бірінде блогер серігінің қалтасынан телефон алып, оны көшедегі қытайлықтарға ұсынып, артынша әлгі адамды ұрлық жасады деп айыптайды. Әңгіме барысында қыз болған жағдайға өкінетінін білдірді", – делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеолар қазақстандықтар мен Қытай жұртшылығының наразылығын тудырған болатын. Пікір жазушылар мұндай "әзілді" әдепсіз әрі арандатушылық әрекет деп бағалады.

Аружан Айбекованың өзі де Instagram парақшасында кешірім сұрап, арнайы видео жариялады.

"Бұл видеолар ешкімге әдейі реніш келтіру мақсатында түсірілмеді. Бірақ ойланбай салынғаны рас. Егер біреуге жағымсыз әсер еткен болса, кешірім сұраймын. Бұдан былай контент жариялауда мұқият боламын", – деді ол.

Алматы полициясы өз кезегінде барша азаматтарға әлеуметтік желіде контент жариялау кезінде сақ болуға шақырды.

"Мұндай әрекеттер арандатушылық ретінде қабылданып, қоғамда жағымсыз реакция тудыруы мүмкін. Әсіресе шетелде жүрген азаматтар жергілікті халықтың дәстүрі мен заңдарына, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауға тиіс. Бұл талаптарды елемеу шетел заңнамасына сай жауапкершілікке алып келуі мүмкін", – делінген полицияның ресми мәлімдемесінде.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату