Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты newsroom.kz порталына былай деп жауап берді:
– Бұл азаматтан ресми өтініш түскен жоқ, оқиға туралы тек жаңалықтардан хабардар болдық. Қытай тарапы да дипломатиялық арна арқылы ешқандай ресми шағым немесе хабарлама жолдаған жоқ.
СІМ егер азамат ресми түрде көмек сұраса, заң аясында консулдық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Әзірге мұндай әрекет болмаған.
– Әр қазақстандық шетелге шыққанда сол елдің заңдарын мұқият зерттеп, сақтауға тиіс. Өз әрекетіне өзі жауап береді, - деп ескертті министрлік.
Министрлік бұл оқиғаға байланысты Қазақстанның Қытайдағы елшілігі де арнайы түсіндіру жұмысын жүргізбегенін нақтылады.
Айып неге тағылды?
Бұған дейін қытайлық Sohu басылымы блогердің метрополитенде қолдан ұрлық ұйымдастырып, бейтаныс адамдардың қолынан ұстап, тіпті рұқсатсыз денесіне қол тигізгені жайлы жазған. Пранк барысында танысының телефонын «ұрлап», кейін басқа адамдарды ұры деп айыптаған сәттері де видеотіркеуге түскен.
Бұл әрекеттер жергілікті халықтың ашуын туғызған. Қытайлықтар бұл видеоларды моральға, адамгершілікке және заңға қайшы деп бағалап, полицияның араласуын талап еткен.
Қытай қоғамының реакциясы
Жағдай Қытайдың әлеуметтік желілерінде де кеңінен талқыланды. Weibo платформасында «1024 комиссары» деген атпен танымал блогер бұл туралы былай дейді:
«Қоғамдық орындарда пранк жасауға қарсы емеспіз. Бірақ оның да шегі болу керек. Қазақ блогерінің бұл әрекеті адамдарды ыңғайсыз жағдайға қалдырды, бұл – дұрыс емес».
Ал «Сяосян Ченбао» басылымы өз мақаласында:
«Қытай халқы әрбір шетелдікті достықпен қарсы алады. Бірақ бұл ізгі ниет ешкімнің ойын-сауығына айналмауы тиіс. Адамның қадір-қасиеті – пранктың нысанасы емес», – деп жазды.
Қытай заңнамасы не дейді?
Қытайда мұндай әрекеттерге қатаң жаза қарастырылған. Мәселен:
- «Азаматтық кодекстің» 1018-1020-баптарында: бейтаныс адамдарды рұқсатсыз видеоға түсіріп, тарату – жеке құқық пен абыройды бұзу деп танылады.
- «Киберқауіпсіздік туралы заңда» және «Интернеттегі контентті бақылау ережелерінде» жалған, арсыз, жала жапқан материалдар жариялауға тыйым салынған. Мұндай контент үшін аккаунт бұғатталуы немесе әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін.
- «Қоғамдық қауіпсіздік туралы» заңда: қоғамдық тәртіпті бұзғандар айыппұл немесе әкімшілік қамауға алынады. Қажет жағдайда, бұл қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.
- «Шекарадан өту және кіру туралы» заң билікке қоғамдық тәртіп бұзған шетелдіктерді елден шығарып жіберу немесе кіруге тыйым салу құқығын береді.
Айта кетейік, өткен айда екі қытайлық блогер науқас адамдардың киімін киіп, метрода айғайлап, жұртты шошытқаны үшін әкімшілік жазаға тартылған.
Блогер не дейді?
Аружан Айбекова Instagram парақшасындағы пранк видеоларын өшіріп, «елге қайтқан соң түсіндіремін» деп, жазбаша мәлімдеме қалдырған. Сонымен қатар, ол жұрттан видеоларды таратпауын өтінген.
Блогер кеше желідегі парақшасынан елге оралғанын жариялапты.
Қытайда болған бұл жағдай әлеуметтік желідегі «контент үшін бәріне болады» деген ұстанымның қайда апаратынын көрсетті. Блогерлік пен пранк – еркіндік қана емес, жауапкершілік те. Әсіресе шетелде жүргенде әр әрекет заңмен бағаланатынын естен шығармаған жөн.
Еске сала кетсек, 2015 жылы 15 маусымда қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Бойжеткен 2014 жылдың 3 наурызында Гуанчжоу әуежайында есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды.