Сонымен қатар депутаттар өңдеу өнеркәсібіндегі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін төмендету идеясымен келіспейтінін айтты және денсаулық сақтау саласына қосымша салық жүктемесін енгізуді қолдамайтынын жеткізді.
«AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында Мәжіліс Спикері, партия Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясатындағы өзгерістер кәсіпкерлерге жасалған жағдайды нашарлатпауға тиіс деп ескерткенін айрықша атап өтті.
«Президент біздің алдымызға ашық әрі түсінікті Салық кодексін қабылдау туралы нақты мақсат қойды. Ол Әділетті Қазақстанның символына айналуға тиіс. Оны қоғам жіті бақылап отыр. Біз дұрыс шешім қабылдауымыз қажет. Салық кодексі мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы адал қарым-қатынастың жаңа кезеңіне айналуы керек», – деді ол.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов мемлекет бір жағынан экономиканың дамуын қамтамасыз ететін, екінші жағынан бизнесті ынталандыратын ойын ережелерін әзірлеуі керек екен жеткізді. Бұл ретте бюджет тапшылығы мәселесі жүйелі түрде шешілуі керек. Үкімет қазіргі шығындарды жабу үшін Ұлттық қордан үнемі қаражат алуды тоқтатуға тиіс.
Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексінің жобасына қатысына Үкімет ұстанымын жеткізді. Атап айтқанда, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету, ҚҚС базалық мөлшерлемесін 16%-ға енгізу және өңдеу өнеркәсібі үшін КТС мөлшерлемесін 10%-ға дейін төмендету ұсынылады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына ҚҚС мөлшерлемесін кезең-кезеңімен енгізу, 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 128 салық жеңілдіктерін жою талқыланады. Бұдан басқа, жылына 8500 АЕК-тен жоғары кірістер үшін ЖТС – 15% бойынша прогрессивті шкаланы енгізу және құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік салығының мөлшерлемесін ұлғайту мәселесі қарастырылуда.
Депутаттардың пікірінше, Үкіметтің осы және өзге де бастамалары қоғамда көп дау туғызады. Сондықтан егжей-тегжейлі есептеуді және қосымша терең пысықтауды талап етеді.