Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
22 қазан, 2025 / Арайна Арайқызы / Қаржы

341 млрд теңге қарыз: «Ауыл» партиясы Үкіметті сынға алды

Депутаттар агросаладағы дағдарыс пен бюджеттің теңгерімсіздігін ашық айтты

341 млрд теңге қарыз: «Ауыл» партиясы Үкіметті сынға алды
Серік Егізбаев | Newsroom.kz | коллаж

2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Үкіметті қатаң сынға алды. Ол құжатты «жүйесіз әрі әділетсіз бюджет» деп атап, маңызды салалар жеткілікті қолдау таппай отырғанын айтты.

«Әлеуметтік төлемдер бойынша нақты есептеу тәртібінің болмауы 6 трлн теңгеден астам соманың негізсіз жоспарлануына әкелді!», — деді депутат.

Егізбаевтың айтуынша, мемлекеттік қарыз көлемі тапшылықтан асып, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыдан екі есе көп болмақ. Ал ведомстволар әлі күнге дейін нәтиже емес, қаражаттың игерілу фактісімен есеп береді.

Депутат ең үлкен мәселені аграрлық сектордан көріп отыр. Оның сөзінше, бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетінің негізі.

Бірақ соған қарамастан, мемлекет фермерлер алдындағы 341 млрд теңге қарызын жылдар бойы өтей алмай келеді. Бұл берешектің басым бөлігі Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

«Фермерлер жылдап күткен субсидиясын ала алмай отыр. Бұл – тек бюрократия емес, ауыл адамдарының мемлекетке деген сенімін жоғалту», — деді ол.

Есеп бойынша, ауыл шаруашылығы саласында кемінде 149 млрд теңге тапшылық бар, оның ішінде:

100 млрд – сүт өндіру жобаларына;

40 млрд – астық экспортына арналған тасымал субсидияларына;

6,7 млрд – зиянкестермен күреске;

2,6 млрд – азық-түлік қоры мен астық қорын сақтауға жетіспейді.

Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі заманауи технология енгізу бойынша нақты іс-шара қарастырмаған, бұл елді импорттық тұқым мен мал тұқымына тәуелді етіп отыр.

Тағы бір өткір мәселе – су ресурстарын басқару. Су саласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға қажетті қаржының тек 20 пайызы ғана көзделген.

«Министрлік жоспарды нақтылауға шара қабылдамай отыр, сондықтан оның жүзеге аспай қалу қаупі жоғары», — деп ескертті Егізбаев.

Бұған қоса, депутат өңірлер арасындағы қаржы бөлінісінің теңсіздігін сынға алды.

«Батыс Қазақстан облысына жыл сайын 2 млрд теңге қажет болса, небары 238 млн теңге бөлінген. Бұл — ауыл шаруашылығының дамуын тежейтін әрі шаруалардың орынды наразылығын тудыратын жағдай», — деді ол.

Сондай-ақ, фракция ауыл шаруашылығын, су саласын және жалпы ауыл секторын жүйелі түрде қаржыландыру үшін арнайы Агробанк құруды қайта қарауды ұсынды.

«Егер жүйелі көзқарас болмаса, біз фермерлерді ғана емес, елдің азық-түлік тәуелсіздігін де жоғалтамыз», — деп түйіндеді Егізбаев.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату