Сифилис – адамзат тарихындағы ең жұмбақ та қайшылықты венерологиялық аурулардың бірі. Бұл дерттің белгілері мен салдары әртүрлі дәуір мен мәдениетте ұшырасқан, ал қоғамның оны қабылдауы мен емдеу тәсілдері уақыт өте өзгеріп отырған. XVI ғасырда «галль дерті» не «махаббат індеті» деген атауға ие болған сырқат медицина, мәдениет, әлеуметтік құрылымдар мен моральдық қағидаларға ықпал етіп, жаңа құндылықтардың қалыптасуына түрткі болды.
Сифилистің Еуропадағы алғашқы ірі індеті XV ғасырдың соңғы және XVI ғасырдың басқы кезеңіне дөп келеді. Франция королі Карл VIII-дің әскері Неапольді жаулап алған тұста, жауынгерлер біртүрлі беймәлім ауруға шалдықты. Аурудың таралуы індеттен де шапшаң болды, бірақ белгілері өзгеше еді: терідегі ауыр жаралар, бет тіндерінің бүлінуі, күшті қызба, жан шыдатпас ауырсыну және жыныс мүшелерінің зақымдануы. Індет пен алапесті бастан кешкен Еуропа халықтары тағы бір қорқынышты індетке тап болды. Тарихи деректер бойынша, небары бірнеше жылдың ішінде сифилис Еуропа халқының шамамен 5%-ына таралып, аса ауқымды мәселеге айналған.
Ұлы географиялық ашулар дәуірі басталған тұста көптеген ғалымдар ауруды Жаңа Дүниеден жұққан деп есептеді. Себебі Карл VIII әскері арасында Колумб экспедициясында болған испан теңізшілері де бар-тын. Алайда кейінгі зерттеулер бұл болжамды жоққа шығарғандай: Қытайда бұл сырқаттың VII-XII ғасырларда кездескені туралы мәлімет бар, ал Англияның XIV ғасырдағы кейбір монастырларынан табылған монахтардың сүйектерінен де ұқсас ауру іздері байқалған. Демек сифилис мұхит асып келген жаңа дерт емес, бұрыннан бар, тек танылмаған не басқа атаумен белгілі болған сырқат болуы ықтимал.
“Неаполитан ауруынан” “француз дертiне” дейінгі атаулар:
Алғашында ауру белгілі бір ортақ атауға ие болмады. Неапольде алғаш тіркелгендіктен, оны «неаполитан дерті» деп атады. Ал неапольдықтар, керісінше, француздарды кінәлап, оны «галль (француз) ауруы» деуге көшті. Сырт елдерге таралуымен қатар атаулар да көбейді: Польшада – «неміс ауруы», Московияда – «поляк дерті», Моңғолияда – «қытай дерті» не «қытай жарасы» деп аталды.
Бүгінде қалыптасқан «сифилис» атауы әдебиет арқылы енді. 1530 жылы италиялық ақын Джироламо Фракасторо «Сифилис, немесе Галль ауруы туралы» поэмасын жариялады. Мұнда Сифилус есімді шопан құдайлардың қаһарына ұшырап, осы ауруды жұқтырады. Кейін бұл кейіпкердің есімі аурудың ресми атауына айналды.
Қоғамның ауруға берген бағасы ала-құла болды. Шіркеу сифилисті Құдайдың күнәһарларға жіберген жазасы деп, басты ем – тәубе мен дұға екенін айтты. Осындай діни түсініктер аясында ауру туралы неше түрлі аңыз-өсек тарады: кейбіреулер оны ортақ ыдыс-аяқтан, киімнен немесе шомылу арқылы да жұқтыруға болады деп қорықты. Мұның салдарынан Еуропада қоғамдық моншалар мен ортақ купальняларға сенім азайды. Дәрігерлер ыстық судың тері тесіктерін ашып, ауруды «ішке кіргізеді» деп есептеді. Шомылу тек денсаулыққа емес, моральдық тазалыққа да қауіп саналды. Француздар бірлесіп жуынуды айыптаған памфлеттер жазып, көпшілік арасында құрғақ тазалық – әтірмен не хош иісті сумен сүртіну – әлдеқайда қауіпсіз саналды.
Ұзақ уақыт медицина бұл дерттің алдында дәрменсіз еді. Негізгі ем құралы сынап болды: дәрігерлер науқастарды сынап буымен ыстап, сынап майын теріге жағып, ұзақ әрі қинау дәрежесіндегі ем-дом жасады. Бұл шаралар кейде сырқатты жеңілдеткенімен, науқас пен дәрігерлердің өздері де сынаптан уланып, ауыр зардап шекті. Балама ретінде Жаңа Дүниеден әкелінген гваяк ағашының қабығы пайдаланылды. Оның қабығы қабынуға қарсы әсерімен танылды, бірақ өте қымбатқа түсті. Ұлы дәрігер Парацельс гваяқты мадақтауды банкирлердің қитұрқысы, саудаға негізделген алдау деп санады.
Азияда да емдеу тәсілі ұқсас болды: сынап препараттары, шөп тұнбалары, аң-құс текті емдік заттар (аю өтi, мускус) қолданылды. Тибет медицинасында науқастарды өсімдік немесе жануар шикізатының түтінімен ыстау, рухтарды тыныштандыруға арналған ғұрыптар кең өріс алды. Ал моңғол жұртында сифилиске аса мән берілмеді, ол өмірдің бір бөлшегі ретінде қабылданды. Мұнда науқастар оқшауланбай, ауруды зұлым рухтар мен құдайлардың жіберген жазасы деп, емдеуді ғұрыптар мен құрбандықтар арқылы жүзеге асыруға тырысты.
Уақыт өте келе сифилис көпшіліктің көзі үйренген ауруға айналып, оған деген қорқыныш бәсеңдеді. Індет пен алапесті бастан кешкен Еуропа енді сифилисті соңғы үкім санамады. Дегенмен, бұл аурудың кеңінен таралуына жезөкшеліктің септігі бар деп санағандықтан, XVIII–XIX ғасырларда көптеген мемлекеттер жезөкшелікті заңдық реттеуге, әйелдерді үнемі медициналық тексерістен өткізуге талпынды. Алайда клиенттер қадағаланбады, ал жезөкшелер табысын жоғалтпау үшін ауруын жасыруға тырысты.
XIX ғасырда «әлеуметтік аурулар» ұғымы пайда болып, сифилис әлеуметтік жағдайлардың нәтижесі ретінде талдана бастады. Алкоголизм, венерологиялық дерттер мен кедейлік – қоғамдағы әділетсіздік пен тұрмыс төмендігінен туындады деп есептелді. Кеңес Одағында бұл идея одан әрі дамып, әлеуметтік теңдікті орнату, әйелдерді еңбекпен қамту және жалпы өмір сүру деңгейін арттыру арқылы венерологиялық ауруларды да жоюға болады деген сенім қалыптасты.
XX ғасырдың басында сифилисті емдеу ісінде үлкен жетістік орын алды. 1907 жылы неміс ғалымы Пауль Эрлих мышьяк негізіндегі сальварсан (немесе «606-препарат») дәрісін жасап шығарды. Бұл препарат аурудың тіпті кеш сатыларында да көмектесті. Кейінірек одан да қауіпсіздеу неосальварсан пайда болды. Алайда сифилистен толық арылу 1940-жылдары пенициллиннің ашылуымен жүзеге асты. Пенициллин бледная трепонема қоздырғышын тез жойып, сырқатты толық емдеуге мүмкіндік берді.
Сифилистің тарихы – медицина, дін, сауда, геосаясат, мәдениет пен мораль өзара астасып жатқан күрделі хикая. Алғашқы құпия таралуынан бастап, қоғамдық мінез-құлықтың өзгеруіне дейін, сынаптан пенициллинге дейінгі ем жолдары – бәрі де адамзаттың білімді тереңдету, түсінікті кеңейту және әлеуметтік орта мен денсаулықты жақсарту жолындағы тынымсыз ізденісін көрсетеді. Бүгінде сифилис ерте анықталып, дер кезінде емделсе, толық айығуға болады. «Махаббат індетінің» өткен жолы адамның өмірі қаншалықты нәзік екендігін, сондай-ақ қауіпті ауруларды еңсеруге білім мен ағартудың қандай маңызды рөл атқаратынын еске салады.