Табылған тиындар Алтын Орда билеушісі Меңгу-Темір ханның тұсында құйылған. Ресейлік нумизматик, профессор Павел Петров тиындардың XIII ғасырдың екінші жартысына тиесілі екенін анықтап, тарихи құндылығының жоғары екенін атап өткен.
– Құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары бейнеленсе, екінші бетінде қытай иероглифтері кездеседі. Бұл – сол замандағы саяси қақтығыстар мен байланыстардың айғағы. Нақтырақ айтсақ, бұл жазулар Шыңғыс хан ұрпағы Құбылай мен Шағатай ұлысының арасындағы шиеленістер кезінде қолға түскен Номухан есімді тұтқынмен байланысты болуы мүмкін, – дейді археолог Амангелді Мұғауұлы.
Археологтың айтуынша, қазба барысында бүтін күйінде сақталған тағара ыдысы да табылған.
Қазба жұмыстары Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының тапсырысымен жүргізілген. Орталық басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, соңғы жылдары бұл тарихи орынға ерекше көңіл бөлінуде.
– Қалашықтың 53 гектар аумағы толықтай қоршалды. Болашақта бұл жерді ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарда бар, – дейді ол.
Қазба жұмыстарына университеттің тарих мамандығында оқитын студенттер де тартылған. Қазірге дейін аршылған 500 шаршы метр аумақтан табылған барлық жәдігер Атырау университетінің зертханасында сарапталатын болады.