Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві – еліміздің тарихын сақтау және зерттеудің басты орталығы. Бұл жерде тарихи құжаттар сақталып, жаңа зерттеулер жүргізіледі, сондай-ақ мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда Архивте 100-ге жуық архивші мен тарихшы жұмыс істейді, олардың арасында Жібек Байқаш сынды мамандар да бар.
Жібек Байқаш мектеп кезінен тарихқа деген қызығушылығын оятқан. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, архив саласына деген сүйіспеншілігі артқан.
«Бірінші курста А.П. Зеньковтың өмірі мен қызметіне арналған конференцияға бардым. Ғалымдар нақты деректермен әңгімелегенде, мен нағыз тарихтың қандай болатынын түсіндім. Сол кезде өзіме: "Мен архивте жұмыс істеймін!" – деп шешім қабылдадым», – дейді Жібек Тұрарбекқызы.
13 жыл ішінде Жібек Байқаш 10 құжаттық жинақтың әзірленуіне атсалысты. Мысалы, 2024 жылы жарық көрген «Из истории депортаций. Казахстан. 1946−1956 гг.» электронды жинағы – жер аударылған халықтардың тарихы мен тағдыры туралы маңызды деректерді қамтиды.
Қазіргі уақытта Архив ұжымы бірқатар жаңа маңызды жобаларды әзірлеуде:
«Н.Нұрмақов. Мемлекеттік қайраткер» (2025 жылы жарық көреді, 420 бет архивтік материал);
«Мемлекеттік билік органдары» – анықтамалық басылым.
Архив қызметкерлері әр жыл сайын тоғыз тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырады. 2024 жылы 374 зерттеуші Архивпен жұмыс істеп, 24 281 архивтік іс зерттеді.
Жібек Тұрарбекқызы архивпен жұмыс істеудің маңыздылығын былай түсіндіреді:
«Әр құжат – тірі тарих. Оның артында нақты адамдардың тағдыры жатыр. Архивте жұмыс істей отырып, мен еліміздің өткенін сақтауға өз үлесімді қосып жүргенімді сезінемін», – дейді ол.
Өткенді ұмытпау – болашақты дұрыс құрудың кепілі. Тарихты тірілтіп жүргендердің еңбегі – баға жетпес қазына!