Newsroom.kz тілшісі бұл сұрақтың жауабын заң тұрғысынан және әлеуметтік-мәдени тұрғыдан іздеп көрді.
Әлеуметтік-мәдени аспектілер
Ата-әжелер немерелерін тәрбиелеуде белсенді рөл атқарады. Олар балаға қарау, қазақи дәстүрлерді үйрету және ақыл-кеңес беру арқылы отбасылық тәрбиенің маңызды бөлігін құрайды. Қазіргі уақытта урбанизация мен жұмыспен қамту деңгейінің артуына байланысты жас отбасылар көбінесе балаларына қарау үшін ата-әжелердің көмегіне жүгінеді. Әсіресе, жұмысбасты аналар үшін бұл қолдау өте маңызды. Ата-әжелердің немерелеріне қарауы көбінесе келісім мен өзара түсіністікке келуден туындайды. Бұл міндеттілік ретінде қарастырылмайды, бірақ мәдениет пен дәстүрдің бір бөлігі болып табылады.
Психологиялық тұрғыдан қарау
Ата-әжелер немерелерге қарау міндетін орындаған кезде түрлі жағдайларды ескерген маңызды. Физикалық және эмоционалдық жүктеме әсерінен қарт адамдар үшін кішкентай балаларға күтім жасау қиын болуы мүмкін. Кейде, отбасылық рөлдердің шатасуынан, ата-әжелер ата-аналардың рөлін алмастырып кетсе, бұл балалардың психологиясына әсер ететінін де ескерген жөн.
Қазақстан заңнамасындағы ережелер
Қазақстан Республикасының Отбасы кодексіне сәйкес, балалардың күтімі мен тәрбиесі негізінен ата-аналардың міндеті болып табылады.
Отбасы кодексінің 74-бабына сай:
1. Ата-аналар балаларына толыққанды қамқорлық жасауға міндетті.
2. Ата-әжелердің немере тәрбиелеу немесе материалдық қолдау көрсету міндеті заңда қарастырылмаған.
Дегенмен, ерекше жағдайларда, егер ата-ана өз міндетін орындай алмаса (мысалы, денсаулығының нашарлығы, қайтыс болуы немесе ата-ана құқығынан айырылуы), ата-әжелер немерелеріне қамқорлық жасау құқығына ие болуы мүмкін. Мұндай жағдай сот шешімімен бекітіледі.