Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
8 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Жаңалықтар

Блогер болу оңай емес...

Қалай болғанда да, газет пен телеарнадағы ақпараттың шынайылығына ештеңе жетпейтін секілді.

Блогер болу оңай емес...
Фото: ru.freepik.com

Блогер болу оңай ма? Біз бұл сауалды тәжірибелі блогер Асылай Ғайнешоваға қойып көрген едік.

– Желіде жалған ақпарат көп, оны мойындаймын. Оны жазып жатқан блогерлер де журналистер секілді халықтың илеуінен өткен жандар деп ойлаймын. Блогер болу да оңай шаруа емес. Сондықтан олардың бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Арасында білімділері мен сауаттылары баршылық. Біреуінің қателігіне бола басқаларын қаралай алмаймын. Бірақ бұл жерде олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру керек деп ойлаймын. Өйткені, олардың артында қалың орман халық тұр. Қарапайым оқырман қай мәліметтің рас, қайсысы өтірік екенін қайдан біледі? Ендеше, халық қалаулылары осы мәселені Үкімет алдында көтеруі керек деп ойлаймын. Айтпақшы, кейбір блогерлер әдейі жалған ақпарат таратады. Яғни, қасақагна қателік жібереді. Бұл – халықтың назарын өзіне аударудың бір тәсілі. Осылайша, парақша қолданушыларының санын көбейтіп алғысы келеді, - дейді ол.

Ал тағы бір блогер Айгерім Қадырова жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін және табысының 3 пайызын салық ретінде мемлекетке аударып отырғанын да айтады.

«Мен он жылдан астам уақыт бойы мектепте ұстаздықпен айналысып келемін. Қазір педагог-сарапшы болып еңбек етіп жүрмін. Сондай-ақ, қосымша блогер болып та қызмет көрсетемін. Менің жұбайым «Бағдат мырза» атымен асаба ретінде жақсы таныс. Алғашында ол мені бейнежазбаға түсіріп, «мынау менің әйелім» деп желіге жариялап жүрді. Сөйтіп, «Бағдат мырзаның жұбайы қандай тамақ дайындайды, бүгін қайда барады?» деп оқырмандар тарапынан қызығушылық туа бастады. Осылай жүргенде қалай мыңдаған адамның парақшама тіркеліп алғанын да байқамай қалдым. Есесіне, олардың бәрі де қазір – менің шынайы оқырмандарым. Олар «бот», яғни, жасанды бағдарлама емес. Сондықтан мен әр жазбамның шынайылығына және ондағы мәліметтердің дұрыстығына қатты мән беремін» дейді Айгерім.

Қалай болғанда да, газет пен телеарнадағы ақпараттың шынайылығына ештеңе жетпейтін секілді. Ал, әлеуметтік желі – уақытша құбылысқа көбірек ұқсайды. Бұл пікірге жас блогерлердің бірі Әділет Амангелді де қосылады.

«Мен жас та болсам, инстаграм парақшасын жүргіземін. Ондағы жазылушылар саны 10 мыңнан асады. Мен онда дәлелді дәйек пен сенімді ақпаратты жедел жариялап отырамын. Бұл ретте, журналистер дайындаған жаңалықтарды да жиі жүктеймін. Міне, осының өзінен газеттің қоғам үшін қаншалықты қажет әрі зор сұранысқа ие екенін айқын аңғаруға болады. Бір қызығы, жаңалықты әдетте телефоннан оқитынмын. Өзіме маңызды дегендерін «заметка» деген қосымшаға сақтап жүрдім. Бір кезде сол жаңалықтардың бірі шындыққа жанаспай қалғаны бар. Содан кейін тек қана газет оқып, телеарна көретін болдым» дейді ол бізбен әңгімесінде.