АЭС-тің маңызы неде?

Заманауи технология қауіпсіздік шараларын алдын алуға мүмкіндік береді

Фото: ашық дереккөзден

Қазір қоғамда АЭС тақырыбы қызу талқылануда. Дұрыс, әркім білім-білігі деңгейінде атом энергетикасы туралы ойын білдіре алады. Біз энергетик мамандар мен ғалымдардың пікіріне сүйеніп, АЭС-тің маңызына тоқталуды жөн көрдік,- деп хабарлайды newsroom.kz
 
Семей ядролық полигонның тәжірибелік алаңдарында жер астында және үстінде 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалды. Бұл сынақтар атом қаруының қуатын анықтаумен бірге, оның жаңа түрін жасауға мүмкіндік берді. Қазақстандықтардың бойында үрей бар. Әлемнің озық елдері бейбіт атомды дамыту арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қалыптастыруға күш салуда.

Мәселен, онкология саласында ядролық медицина ісіктерді, метастаздарды және рецидивтерді анықтау және таралу дәрежесін анықтау үшін қолданылады. Ядролық медицина жүрек және неврологиялық ауруларды емдеу үшін де қолданылады. Бұл туралы физика, математика және инженерия ғылымдарының PhD докторы Бақытжан Оразбеков айтты.

– Халықтың алаңдаушылығын түсінуге болады. Кеңес ғалымдары уранды жинап, державалы мемлекеттер не жасаса, соны жасаймыз деген ниет болып, 1949-1989 жылдары аралығында Семей топырағы сынақ полигонына айналды. Сосын Чернобыль мен Фукусима АЭС-те апат орын алды. Бәлкім, осының салдарынан халқымыздың санасында үрей бар.
Қазір атом энергетикасы саласы ілгерілетіп, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, АЭС-тің 3 және 3+ буыны іске қосылды. Заманауи технология қауіпсіздік шараларын алдын алуға мүмкіндік береді. Тіпті, 8-9 балдық жер сілкінісіне төтеп береді, ұшақ құлаған жағдайда да беріктігін сақтайды. Мұның бәрі – ядролық инженерия, архитектура саласының жетістігі, – деді жас ғалым Бақытжан Оразбеков.

Енді атом энергетикасының маңызына тоқталсақ. Атом энергетикасы көмір, дизель, газ және басқа да электр станцияларымен салыстырғанда «жасыл» энергияға жатады. Сосын ядролық отынның энергия сыйымдылығы көмірге қарағанда жоғары, ал шығыны тиісінше аз. Бұл үлкен көлемде энергия алуға мүмкіндік береді.

– Жалпы қандай энергия көздері бар? Жел, су, күн, жылу энергетикасын жақсы білеміз. Аталған энергия көздерін белгілі бір деңгейде тұтынамыз. Тұрақты жел болмаса, үздіксіз күн түспесе, энергия болмайды. Біздегі ірі өзендердің жағдайы белгілі, трансшекаралық су көздеріне жатады. Ендеше ЖЭС-тен өзгесі тұрақты энергия көзі бола алмайды. ЖЭС-ті жаңарту, жаңғырту арқылы электр энергиясын алуға болушы еді. Бірақ Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптыққа қол жеткізу доктринасына қосылды. Алдымызда көміртектің ауаға шығуын кезең-кезеңімен азайту міндеті тұр. Сондықтан жасыл энергияға жататын атом энергетикасын ілгерілету ұтымды.

Сөзсіз, ғылымның дамуымен қатар қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде күннен-күнге артып келеді. Ал атом электр станциясы отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, көп мөлшерде энергия өндіру үшін тиімді, – деді Ядролық физика институты Астана филиалы директорының орынбасары, ядролық физика бойынша PhD докторы Дарын Бөргеков.
Қазақстанда халық санының шұғыл өсуі байқалуда. Демографиялық дүмпудің нәтижесінде тұтынушылық сұранысы артуда. Әсіресе, электр энергиясын тұтыну деңгейі өсуде.

– Өңір-өңірлерде қосалқы электр энергия көздерін дамыту маңызды. Яғни оңтүстік өңірлерде күн станцияларын жетілдіруге, елдің кейбір өңірінде желдің бағыттарына қарай жел станцияларын орнатуға болады. Мұның екінші жағы бар. Күнді алайықшы, 24 сағат шығып тұрмайды ғой, жел де апталап, айлап соқпайды. 7-8 сағатта күн батареясынан немесе 2-3 күнге созылған жел жылдамдығынан генератор іске қосылып, аккумуляторға энергияны жинап алдық дейік. Енді өндірілген мегаватты (МВт) ұстау үшін қаншама аккумулятор әрі соншалықты жер аумағы керек. Бұған біз қаншалықты дайынбыз? Күздегі және қыстағы табиғи факторлардың әсерін де ескеру керек. Бастысы, күн және жел агрегаттарының жұмыс істеу мерзімі – 15 жыл. Оларды қайта өңдеу өте қиын. Жел мен күн тұрақсыз энергия көзі саналады. Ал АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі – 60 жыл. Белгілі бір агрегаттарын жөндеп, 100 жылға дейін созуға мүмкіндік бар, – дейді Дарын Бөргеков.

Дамушы және дамыған мемлекеттер атом энергетикасын ілгерілетуге мән беріп, станциялар санын көбейтуде. Мәселен, Қытай 2030 жылға қарай ядролық реакторлардың санын 110-ға жеткізіп, атом энергиясын әлемдегі ең ірі тұтынушылардың біріне айналуды жоспарлады. Біріккен Араб Әмірлігінің атом энергетикасын дамыту талпынысын жоғары бағалау керек.

БАЭ-нің мысалын алайық. Арабтар құмның үстінде АЭС салды. Сонда елден атом саласы бойынша маман іздеп, тек бір адамды табады әрі оны жобаны үйлестіруге жауапты етіп тағайындады. Бұл елде атом энергетикасын жетілдіруге алғышарттар болмаса да, АЭС-тен энергия алуда. Біздің елде бәрі бар. «Қазатомөнеркәсіп» уранның дайын өнімін өңдейді. Үлбіде ядролық отын жиналып, шығарылады. Жарты ғасырдан астам уақыт атом реакторлары жұмыс істеп тұр. Атом саласының ғалымдары мен инженерлері бар. Тек бізде АЭС жоқ.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Жүктелуде...