Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ақ үйдегі маңызды күн: Вашингтонда Украина, АҚШ және Еуропа басшылары бас қосты

АҚШ астанасында Украина президенті Владимир Зеленский, Дональд Трамп және бірқатар Еуропа елдерінің жетекшілері келіссөздерге кірісті.

Ақ үйдегі маңызды күн: Вашингтонда Украина, АҚШ және Еуропа басшылары бас қосты
ФОТО: GETTY IMAGES

Жиынға қатысқандардың қатарында:
▪️ Франция президенті Эммануэль Макрон;
▪️ Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер;
▪️ Германия канцлері Фридрих Мерц;
▪️ Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен;
▪️ НАТО бас хатшысы Марк Рютте;
▪️ Италия премьер-министрі Джорджа Мелони;
▪️ Финляндия президенті Александр Стубб.

Еске салсақ, Дональд Трамп Владимир Путинмен кездескеннен кейін үш күннен соң Зеленскийді Вашингтонға шақырды. Аляскадағы саммит қорытындысында ол: Украина бойынша алдағы шешімдер енді оның президентіне байланысты деді.

Бүгінгі әңгіменің басты тақырыбы – Украина қауіпсіздігі мен соғысты тоқтатудың жолдарын іздеу. Бұған дейін Зеленский Киев аумақтық талаптардан бас тартуға дайын емес екенін мәлімдеген.

Алдымен Трамп Зеленскиймен жеке сөйлесті. Одан кейін келіссөздерге Еуропа лидерлері қосылды.

«Бұл – Ақ үй үшін тарихи күн. Мұнда бұрын-соңды мұншама еуропалық көшбасшы жиналған емес. Америка үшін үлкен мәртебе!!! Нәтижесін бірге көрейік», – деп жазды Трамп TruthSocial-дағы парақшасында.
 

Дегенмен ол қонақтарды кіреберістен қарсы алған жоқ. Ал Овальды кабинеттегі ресми кездесуге келген Зеленский бұл жолы костюм киді. Трамп оны жеке қарсы алып, тіпті киіміне мақтау айтты.

Ақпан айындағы керісінше салқын жағдайда өткен кездесуден бұл жолғы әңгіме мүлде бөлек басталды. Көшбасшылар бір-біріне алғыс айтып, жылы сөздермен бастады.

Трамп кіріспе сөзінде егер келіссөздер сәтті өтсе, үшжақты кездесу мүмкін екенін айтты. Ал егер мәміле болмайтын болса, Украинаға қолдау тоқтауы мүмкін екенін ескертті.

Кездесуден негізгі тұстар:

– Зеленский аумақтық мәселелер бойынша нақты жауап бермеді.
– Трамп соғысты тоқтату – әрі тараптардың, әрі әлем қауымдастығының тілегі екенін атап өтті. Дегенмен қақтығыстың қашан аяқталатынын дөп басып айту мүмкін емес.
– АҚШ президенті күні соңына дейін Украина аумағында америкалық әскер орналастыру туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
– Вашингтон Киевке қауіпсіздік кепілдіктерін беруде басты рөл атқаруға ниетті.

«Қауіпсіздікке қатысты көмектің көлемі өте үлкен болады. Еуропа – бірінші шепте, себебі олар жанында, бірақ біз де қол ұшын созамыз», – деді Трамп.

Зеленский атысты тоқтату жағдайы орнағаннан кейін үшжақты кездесуге де, Украинадағы сайлау өткізуге де дайын екенін жеткізді. Ал Трамп басты мақсат уақытша тыныштық емес, ұзақмерзімді бейбітшілік екенін айтты. Сонымен бірге ол: «Путин билікке келмей тұрып-ақ, Украинаның НАТО-ға кіре алмайтыны жиі айтылатын», – деп еске салды.

«Мен украиндарды жақсы көремін. Орыс халқына да құрметпен қараймын. Тек осы соғыстың біткені керек», – деп түйіндеді АҚШ президенті.

Кейін журналистерді Овальды кабинеттен шығарып, келіссөздер жабық есік жағдайында жалғасты. Трамп нәтижесі бойынша Путинмен сөйлесуді жоспарлап отыр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату