Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Елімізде алғашқы АЭС құрылысы басталды

Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 14–15 миллиард долларды құрайды.

Қазақстанда ел тарихындағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына дайындық ресми түрде басталды. Салтанатты шара Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында өтіп, болашақ АЭС-тің негізгі параметрлерін айқындайтын инженерлік-іздестіру кезеңінің басталуын білдірді.

Елімізде алғашқы АЭС құрылысы басталды
Фото: Минэнерго

Іс-шараға ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, “Росатом” мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв және басқа да ресми өкілдер қатысты.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл – АЭС құрылысына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі – инженерлік-іздестіру жұмыстарының ресми басталуы. Бұл кезең станцияның нақты орналасуын, конфигурациясын, сондай-ақ оның қауіпсіздігі мен сенімділігін, экономикалық тиімділігін айқындайды.

«АЭС салу жобасы кең қоғамдық қолдау тапты. Өткен жылы республикалық референдумда қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы осы бастаманы қолдады. Әсіресе Үлкен ауылының мысалы айқын: тұрғындардың 97 пайызы дауыс беріп, соның шамамен 90 пайызы “иә” деді», – деді агенттік басшысы.

Сәтқалиевтің мәліметінше, жобаға шамамен 14–15 миллиард доллар инвестиция салынады, бұған қоса шамамен 1 миллиард доллар өңірде әлеуметтік және заманауи инфрақұрылым салуға бағытталады.

Оның айтуынша, отандық кәсіпорындар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының қатысуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жергілікті өнеркәсіпті дамытуға, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға, сондай-ақ қазақстандық ядролық ғылымды халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

«АЭС – атом саласын дамытуға, индустриялық-инновациялық серпін беруге және елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық жоба», – деп атап өтті Сәтқалиев.

Шара аясында топырақ үлгілерін алу үшін бұрғылау жұмыстары да басталды. Арнайы капсулаға салынған үлгілер кейінгі зерттеулер үшін Ресей тарапына жіберіледі.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату