Орта салмақта WBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы денсаулығына байланысты жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичпен жекпе-жегін кейінге қалдырғаны белгілі. Шетелдік боксшы отандасымызды мазақ етіп, түсірген видеосы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Жәнібек Әлімханұлының өзі видеоны түсірген Михайловичке жауап берді
«Андрейдің парақшасындағы видеоны көрдім. Бала өзіне көп алып жатыр екен. Мен жекпе-жекке денсаулығыма байланысты шыға алмадым. Ауруханаға түстім. Бірақ қарсыласым адам басындағы сынақты, ауыр жағдайды мазақ қылып жатыр. Бұл негізі адамгершілік емес. Ешқандай боксшы бұлай жасамайды. Қайта сауығып кет дейді. Ал оның ісіне, тіпті, мен ұялып кеттім. Бізде келісімшарт бар, жұдырықтасамыз. Бірақ енді оны аямаймын»,- деді боксшы.
Айта кетейік, Михайлович видеода жерге «Janibek» деп жазып, оның жанында билейді. Содан кейін жазудың үстіне ұнтақ сеуіп, су шашады. Бұл бейнежазбаға әйелі мен екі ұлы да түскен. Ал соңында «бұл контентті түсірген кезде бірде-бір чемпион зардап шеккен жоқ. Тек ағзасы құрғап қалды» деген жазу пайда болды.