Адам ағзасының екінші өмірі

Біз бұл бағытта әлем ғалымдарының жеткен жетістіктерін сөз етпекпіз.

Фото: ru.freepik.com

Бүгінде дөңгеленген дүние сағат емес, сәт сайын өзгеріп отырады. Сол өзгерістер әлемдегі елдердің өсіп-өркендеуіне, дамылсыз дамуына себепші болып жатады, – деп хабарлайды newsroom.kz

Осы орайда, ғылыми-технологиялық үрдіс те бір орында тұрмайтынын айтып өткіміз келеді...

Ғалымдар қазір адам ағзасының маңызды құрамын қолдан өсіруде үлкен жетістікке жетіп отыр. Сондықтан, осы кезден робототехникамен қатар, биотехнологияны да дамыту беру қажет. Біз бұл бағытта әлем ғалымдарының жеткен жетістіктерін сөз етпекпіз.

ЕСТІМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП...

Бүгінде адам ағзасының алақандай жасушасынан ең күрделі органдарды өсіріп шығаруға мүмкіндік туды. Оған күнделікті өмірде және ғаламтор арқылы естіп-біліп жүрміз. Қазір өңірге көршілес Ресейден және басқа да елдерден келіп, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп жүрген жеке клиника дәрігерлері жетерлік. Арасында пластикалық ота жасаушы мамандар да бар. Солардың көмегімен бір келіншек күйік шалған тері бөлігін қайта бұрынғы қалпына келтіргенін айтады.

Технолологияның дамығаны соншалық, қазір «гиаматрикс», «биокол» деген биопластикалық материалдар мен арнайы гидрогельдер арқылы теріні жаңадан өсіруге болады екен. Екіншіден, арнайы принтер арқылы тері жасушаларының бөлшектерін басып шығару мүмкіндігі қаралып жатыр. Онымен «AFIRM» және «WFIRM» атты американдық регенерациялық медицина орталықтарының қызметкерлері айналысуда.

Сол секілді, Питсбург университеті жанындағы медицина институтының дәрігері Джордж Герлах өз әріптестерімен бірге түрлі дәрежеде күйік шалған теріні ауыстыратын «Skin Gun» құрылғысын ойлап тапқан. Ол күйген жерге науқастың жасушаларын себелеп, екі күн ішінде бұрынғы қалпына келтіріпті.

Ал, Колумбия университетінің ғалымдары жасушадан сүйектің кейбір бөлшектерін жасап шығаруға болатынын дәлелдеген. Израильдік «Bonus Biogroup» компаниясының оқымыстылары да науқастың май жасушаларынан сүйек өсіру әдістерін іздестіруде. Оның үстіне, қазір артық салмақпен арпалысып жүргендер қатары көп қой. Қазірдің өзінде сондай сүйекпен атжалманның аяғы сәтті ауыстырылған екен. Демек, бұл жобаның болашағы бар.

«Естімеген елде көп» демекші, итальяндық «University of Udine» орталығының мамандары тісті қолдан қалай өсіруге болатынын анықтаған. Токиолық университет ғалымдары да тышқанның жасушасынан тіс жасап, басқа жануарларға қондырған. Енді осы тәжірибені адамға қолдану жолдарын қарастырып жатыр.

Тіпті, колумбиялық өнертапқыштар қоянның буын шеміршегіне дейін өсіріп шығарған. Айтпақшы, 1997 жылы Бостондағы Массачусетс бас ауруханасында қызық жағдай орын алды. Онда хирург Джею Ваканти тышқанның арқасында адамның құлағын өсіріп шығарды. Бұл үшін шеміршек жасушаларын пайдаланған екен. Ал, Джон Хопкинс атындағы университет ғалымдары 42 жастағы әйелдің ісігі бар құлағы мен бас сүйегінің бір бөлігін жасанды жолмен алынған органдармен ауыстырған. Оны былай қойғанда, Мичиган университетінде жасанды жілік майы жасап шығарылды.

Адамның өмір сүруіне ең қажеттісі, бұл – қан екені даусыз. Профессор Ин Чжэн толыққанды жұмыс жасай алатын қан тамырларын өсіріп шығарған. Оқымысты Сухитра Сумитран-Хольгешон бастаған швед ғалымдары (Готенбург университеті) да әлемде тұңғыш рет жасушадан өскен 9 сантиметрлік тамырды ағзаға орнатты. Науқас құлан таза айығып шықты. Осындай жолмен француз дәрігерлері бір ағзаға 2 миллилитр (10 миллиард эритроцид) қан құйды. Олай болса, бүгінде қан ауруларына қарсы тұруға болады деп нық сеніммен айтуға болады.

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚҰДІРЕТ

Күрделі дене мүшелерін қазір қолдан өсіріп, ағзаға оңай трансплантациялауға болады. Жасанды жолмен өсіруге болатын органның бірі – қуық. Мұндай жаңалыққа доктор Энтони Атала мен оның американдық Вэйк Форест университетіндегі әріптестері қол жеткізді. Олар бірнеше науқастың қуығынан ұлпа кесіндісін алып, зерттеу жүргізген. Сөйтіп, оны қуық пішіндес кесеге салып, 7-8 апта ішінде өсіріп шығарған. Нәижесінде, науқастың ағзасына тігіліп, бірнеше жылда оң нәтижесін берген. 

Испандық оташылар отыз жасар Клаудии Кастильоның кеңірдегін де Бристол университетінде қолдан өсіріп шығарды. Қиын отаны профессор Паоло Маккиарини сәтті жасап шықты. Кейін бұл үрдіс Ресейде де кең қолданысқа ене бастады.

Ал, «Advanced Cell Technology» компаниясында 2002 жылы небәрі бір-ақ жасушадан толыққанды бүйрек өсіп шықты. Бұл үшін сиырдың құлағынан бір жасуша алынып, клондалды. Сөйтіп, арнайы қоспалардың көмегімен бүйрек жасушалары пайда болды. Солардан ұлпа өсірілді. Тірек материал ретінде Гарвард медициналық мектебінде дайындалған бүйрек формасындағы қаңқа пайдаланылды. Осылайша, ұзындығы 5 сантиметрге жететін бүйрек әлгі сиырдың ағзасына сіңістірілді. Нәтижесінде, жасанды орган зәр шығару қызметін толықтай атқарды.

Американдық Массачусетс ауруханасының Коркут Югун жетекшілігіндегі мамандары атжалмандардың жасушаларынан бауыр өсіріп, өздеріне тігіп берді. Бұл қалай іске асты? Алдымен, бес тышқанның бауырын алып тастап, бұрынғы клеткалардан тазартты. Артынан әрқайсысына 50 миллион бауыр жасушасын енгізді. Екі жұманың ішінде толық қуатында жұмыс жасай алатын бауыр өсіп шықты. Ғажап емес пе?! 

Британдық Хэафилд госпиталінің Мегди Якуб бастаған ғалымдары тарихта тұңғыш рет діңгекті жасушалардан жүректің бір бөлшегін өсіріп шықты. Сонда жасанды тері ағзадағы қан айналымына жауап беретін жүрек қақпақшаларының қызметін атқарған. Ал, неміс оқымыстылары бұл жағдайда лазерлік технологияны қолданған.

Лаура Никласон бастаған американдық Йель университетінің ғалымдары зертхана ішінде өкпені де өсіріп шығарған. Бұл жолы да тышқандар қолданылды. Жасанды орган отадан соң бір-екі сағат өткенде ғана жұмыс жасай бастаған. Бірақ, кейін өкпе қантамырларында қанның ұюы, яғни, тромб пайда болды. Аздаған қан ағзаның арнасына да тарады. Соған қарамастан, бұл сынақ өкпені ауыстыруға қатысты көптеген жайттардың бетін ашты.

Регенеративті медицина жетістіктері ішектерді де айналып өтпеді. Нара медициналық университетінде Есиюки Накадзима жетекшілік жасайтын бір топ жапондық зерттеушілер тышқан ішегінің титтей бөлшегін қолдан жасап шығарды. Мұнда да діңгекті жасушалар көмекке келді. Жасанды ішектің табиғи түрінен еш айырмашылығы болмады.

Ал, израильдік «Technion» институтының профессоры Шуламит Левенберг бастаған ғалымдар ұйқы безінің ұлпасын өсірді. Бұл – өте күрделі үрдіс. Қан құрамында ешкім ойламаған құбылыстар орын алды. Десе де, сынақ сәтті өтті.

Бәлкім сенбейтін де шығарсыз, бірақ қазір жасанды жолмен адамның көзіне дейін өсіріп шығуға болады. Токио университетінің биологтары бақаның көз алмасын алып, орнына эмбрионалдық діңгекті жасушалар орнатты. Көздің ішкі бөлігін жасушаға қажетті қоректік заттармен толтырды. Санаулы аптадан соң әлгі клеткалардан жаңа көз алмасы пайда болды. Сонымен бірге, көру мүмкіндігі де қалыптасты. 

Ал, Швециядағы Салгрен академиясы мен Калифорния университетінің ғалымдары діңгекті жасушадан көздің қасаң қабығы мен сегіз қабатты көз торын (роговица) жасап шығарды. Қазір бұл бағытта жануарларға сынақ жұмыстары жүріп жатыр. Таяу болашақта барлық көз ауруларын емдеп шығуға мүмкіндік туары хақ.

Жапондық «RIKEN» даму биологиясы орталығының зерттеушілері тышқандардың жүйке тіндерін (нервные ткани) қолдан өсірді. Ең ғажап жаңалық, бұл – адамның ми бөлшегін қолдан өсіру мүмкіндігі. Бұл бағытта Ресейдің Нижегород мемлекеттік медициналық академиясының ғалымдары нейрон жүйесін жасап шығарды. Бұл ретте нейрондардың электр күшін реттеп отыратын арнайы матрицалар пайдаланылды. Әбден өсіп-жетілген нейрондар ғана миға толыққанды қызмет көрсете алды.   

P.S. Міне, біз бүгін ғылыми-технологиялық үрдіс пен таңдай қақтырған технология турасында сөз өрбіттік. Адам ағзасының маңызды бөлшектерін қолдан өсірген ғалымдардың жарқын жаңалықтарымен бөлістік. Біз мұнымен робототехниканы қалай дамытсақ, биотехнологияға да сондай көңіл бөлу қажеттігін айтқымыз келді. Алдағы уақытта әлі талай адам жасын ұзартып, ағзасын жаңартатын тың тәсілдер дүниеге келеді деп сенім білдіреміз.

*Сіз не дейсіз?

Айнұр СӘДУАҚАСОВА,

Астана қаласының тұрғыны:

– Қазір медицина саласы неғұрлым қарыштап дамыған сайын жаңа ауру түрлері де соғұрлым көбейіп отыр. Әйтсе де, ағзаның көптеген мүшелерін қолдан өсіруге мүмкіндік туып жатқаны қуантады. Ал, өте күрделі органдар әзірге тек жануарларға ғана жасалатын сынақ шеңберінде зерттеліп жатыр.

Алдағы он жылдықта трансплантация, инплантация үрдістерінен арылып, дене мүшелерін оп-оңай ағза ішінде өсіріп алуға болады деп ойлаймын. Осы орайда, жергілікті жерлерде жас ғалымдардың ғылыми жобаларына материалдық қолдау танытуымыз керек. Ұлт денсаулығы солардың қолында екенін ұмытпайық. Біз инвестицияны осы кезден адам денсаулығына құюымыз қажет. Сонда ғана келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болмақ.  

...ЖОЛДАУ ЖОЛДАРЫНАН:

«Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады».

(Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Жүктелуде...