Қазақстан Халықаралық энергетикалық агенттігі және Энергия тиімділігі орталығымен (Energy Efficiency Hub) ынтымақтастықты нығайтуда. Қазақстан құрылыс саласындағы энергиялық тиімділік пен көміртекті азайту мәселелеріне арналған «Retrofitting Buildings for an Energy-Efficient, Low-Carbon Future» халықаралық форумына қатысты. Іс-шараны Халықаралық энергетикалық агенттігінің (IEA) қолдауымен Еnergy Efficiency Hub-пен бірлесіп экологиялық таза және төмен көміртекті ғимараттарға арналған ұлттық технологиялық инновациялар орталығы (NCTI-GB) ұйымдастырды.
Қазақстаннан «Энергия тиімділігі саясатын іске асырудың маңызды тұстары» сессиясында «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ (EEDI) Басқарма төрағасы Елдос Абаканов баяндама жасады. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, сондай-ақ Қазақстанның көміртегі ізін азайту және құрылыстағы орнықты тәсілдерді ілгерілету жөніндегі бастамаларды ұсынды.
Қазақстанның форумға қатысуы Халықаралық энергетикалық агенттігімен және Energy Efficiency Hub-пен әріптестікті нығайтудағы, сондай-ақ энергия тиімді және төмен көміртекті даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды қадам болды.
Іс сапар барысында қытайлық ұйымдармен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен, сертификаттау орталығымен және ЭСКО компанияларымен B2B-кездесулер өткізілді. Келіссөздер нәтижелері бойынша энергия аудиті, ғимараттарды жаңғырту және энергия үнемдеудің инновациялық технологияларын енгізу жөніндегі бірлескен жобаларды көздейтін Гуйчжоу сәулет және құрылыс ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Анықтама үшін айта кетейік, Energy Efficiency Hub - G20 және Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) шеңберінде 2021 жылы құрылған энергия тиімділігі жөніндегі халықаралық ынтымақтастық платформасы. Қатысушылардың қатарында АҚШ, ЕО, Канада, Жапония, Корея, Бразилия және Қытай сияқты әлемнің жетекші экономикалары бар.