Министрдің айтуынша, баға тұрақтылығын сақтау мақсатында тұрақтандыру қорларының жұмысы күшейтіледі, ал осы бағытқа бөлінетін қаржы көлемі екі есеге арттырылады.
“Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын әрі қарай тұрақтандыру үшін берілген қаржыны екі есе көбейтіп, тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту жоспары бар. Аймақтық комиссиялар негізсіз делдалдарды анықтап, бағаны көтеріп жіберетіндердің әрекетіне ерекше назар аударамыз,” – деді Арман Шаккалиев.
Сондай-ақ министр Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, өңірлерге ай сайын тікелей сиыр етін жеткізу жүйесі жолға қойылғанын атап өтті. Бұл қадам делдалдық тізбекті қысқартып, бағаның негізсіз өсуін болдырмауға мүмкіндік береді.
“Отандық өнімдердің бөлшектік сауда бағасын бекіту туралы меморандумдар жасалады.” – деп толықтырды министр.
Арман Шаккалиевтің айтуынша, аталған шаралар азаматтардың әлеуметтік жағдайын қорғауға, инфляцияны тежеуге және ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Министрлік алдағы уақытта да өңірлермен бірлесе отырып, баға мониторингі мен нарықтық тепе-теңдікті сақтау шараларын жүйелі түрде жалғастыратын болады.