Newsroom.kz порталы Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жастар кадр резервінің қызметін халыққа жеткізуді жөн көріп, резерв мүшелерімен сұхбат жүргізіп келеді.
Жас резервшілердің бірі Олжас Бейсенбаев newsroom.kz порталына берген сұхбатында резервке енгеннен кейінгі өмірі, отбасы және гендер бойынша зерттеулер туралы айтып берді. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Олжас мырза, Президенттің жастар кадр резервіне енгеннен кейінгі өміріңіз туралы, өзіңіз туралы аз-кем айта кетсеңіз?
- Қайырлы күн! Мені аты-жөнім - Бейсенбаев Олжас Түсіпбекұлы, Қазақстандық қоғамдық даму институтында басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарамын. Алғаш рет кадр резерві туралы 2019 жылғы Президент бастамасынан кейін естіп-білдік. Кез келген іске түбегейлі дайындықпен келгенді жөн санаймын, сондықтан 2019 жылы байқауға құжат тапсырмадым. 2021 жылға дейін іріктеуді жан-жақты зерделеп, өз мақсатымды белгілеп барып, қатысуға бел байладым. Ол жылы «Болашақ» бағдарламасына және Президенттің кадр резервіне қатар құжат тапсырғандықтан, «қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» оңайға соқпады. Кадр резервінің 7 іріктеу сатысынан, «Болашақ» бағдарламасының тестілерінен өтуіме тура келді.
Бірақ талпыныс пен еңбек табысты нәтижеге жеткізді. Ал енді кадр резервінің сынағы цифрлық, вербалды мәтіннен басталып, эссе жазу, «ассессмент» орталықтағы талқы, HR-менеджермен терең интервьюмен жалғасып, ең соңында жоғарғы комиссия отырысымен тәмамдалды. 2021 жылғы іріктеуде азаматтардың бойындағы жеке бас мүддесінен қоғам игілігін жоғары қою құндылығына көңіл аударылды. Жалпы 3 кезеңдегі іріктеуге 22,3 мың адам құжат тапсырған екен. Соның ішінен 400-і іріктеліп алынды. Осы аралықта ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі орталық және жергілікті орган басшыларымен кездесу, резервшілердің дағды-құзыретін дамытатын бағдарлама ұйымдастырды. Яғни бұл «іріктеуден өттің, жоғары лауазымға жайғасасың» деген сөз емес. Жастар кадр резерві – өзіңді ұдайы ұштап, үздіксіз дамытып отыратын орта. Абай атамыз «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп өкініш білдіретін еді ғой. Мен ғылыми зерттеу саласына қызығушылық таныттым, сондықтан Қазақстан қоғамдық даму институтына орналастым. ҚҚДИ еліміздегі отбасы және гендер, медиа және коммуникация саласын зерттейтін бірден-бір ақыл-ой орталығы. Бұл – менің басшылық жолдағы алғашқы тәжірбием. Сарапшылармен, аналиктермен жұмыс үлкен ізденісті қажет етеді екен. Біз былтырғы жылдың өзінде 20-дан астам зерттеу, оның ішінде ұлттық баяндама, есептер, әдістемелік құралдар дайындап шығардық, тоқсан сайын еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік сауалнама өткіземіз. Материалдардың толық нұсқасы kipd.kz сайтынын көруге болады.
- Отбасы және гендерлік саясат саласы бойынша қандай зерттеулер жүргізудесіздер?
- Біз қазақ тіліндегі мазмұнға баса мән беріп келеміз. Отбасы мен гендер саласында әлі жойылмай келе жатқан стереотиптер, қасаң қағидаттар бар. Біздің институт былтыр алғашқылардың бірі болып харассментке төзбеу туралы ережені қабылдады. Оны министрлік деңгейіне көтердік. Басқа ұйымдарды да осы ережені қабылдауға шақырып келеміз. Сонымен қоса, балалардың медиа контентті тұтыну қауіпсіздігі, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы нұсқаулық дайындап, Түркістанда үлкен жиын өткіздік. Күз айларында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясын ұйымдастырып, тақырып аясында подкаст түсірдік, арнайы сөздік дайындап шығардық. Бұл ақпарат алаңындағы аздаған шаруа көрінгенімен, мемлекеттік тілдегі мазмұнды байытуға қосқан үлесіміз деп санаймын.
Институт 2019 жылдан бері даладағы жұмыстан кабинеттегі анализге дейін 100-ден астам зерттеу жүргізді. 2023 жылы 20 қазанда гендер саясаты, отбасы саласындағы ұйымдардың консорциумына қол қойдық. Оның ішінде 12 ұйым бар. Ендігі кезекте зерттеуді басқа ұйымдармен бірге қолға алғалы отырмыз. Былтыр тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы баяндаманы дайындау барысында Қазақстанның 20 өңірінен 3 мың респонденттен сауалнама алдық. Он сарапшымен сұхбат, тұрмыста әлімжеттік көрген 40 адамнан терең сұхбат алдық. Соның нәтижесіне сүйенсек, тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактісінің 6 түрлі себебі бар. Біріншісі, әлеуметтік аспектілер – нашақорлық, маскүнемдік, құмар ойынға салыну (55,3 % респондент жауабы соны көрсеткен). Екіншісі, қаржылай себептер – отбасындағы табыстың жоқтығы (47,6 %). Үшіншісі, құндылықтар қайшылығы, яғни туыстардың жеке өмірге араласуы (10,4%). Содан кейін қоғамдағы агрессия әсер етеді деушілер тұр(10,4 %). Қылмыстық жауапкершіліктің төмен болуын 13,45 %, адамның психологиялық ауытқулары зорлық-зомбылыққа себеп болатынын 18,6 % қатысушы көрсеткен. Респонденттердің 82,1 %-ы зорлық негізінен әйелдерге, 32 %-ы балаларға, 5,6 %-ы мүмкіндігі шектеулі жандарға, 10,2 %-ы ер адамдарға көрсетіледі деп жауап берген. Бұл зерттеудің ішінара нәтижесі.
- Біздің елдегі отбасы институтына қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз?
- Отбасы өскелең ұрпақтың құндылығын орнататын әлеуметтік орта, қоғамның әл-ауқаты да отбасындағы қабілет, дағдыларға байланысты. Отбасы институтына қазіргі кезде жан-жақты қолдау қажет. Ондағы құндылықтардың өзгерісін, институт ретіндегі трансформациясын зерттеу өзекті болып отыр. 2022 жылғы зерттеуіміз бойынша, Қазақстан отбасылары балаларының бойына сіңіретін негізгі құндылықтарға еңбекқорлық, өзіне құрметпен қарау, адалдық, үлкенге құрмет жатады. Дегенмен, ең¬бекқорлық құндылығы (2020 жылы 64,1%-дан 2022 жылы 33,8%-ға дейін); үлкенге құрмет (2020 жылы 54,9%-дан 2022 жылы 25,3%-ға дейін); отанға деген сүйіспеншілік (2020 жылы 16,4%-дан 2022 жылы 7,1%-ға дейін); өзін-өзі дамыту (2020 жылы 13,7%-дан 2022 жылы 7,6%-ға дейін) төмендеген.
1-кесте. Қазақстан отбасыларында балалардың бойына сіңіретін құндылықтар, %
Қоғамдық даму институты былтыр отбасы мәселесімен айналысатын органдардың жұмысына арнайы талдау жасап, 60 қызметкерден терең сұхбат алынды. Бірқатар проблема анықталды. Бізде жалпы отбасыларға әлеуметтік көмек, құндылықтарды дәріптеу, денсаулық, бала құқығы бойынша жауапты орталық органдар бар. Ал өңір әкімдіктерінде отбасы мәселесімен әртүрлі басқарма айналысатыны белгілі болды. Бірінде қоғамдық даму, екіншісінде ішкі саясат, тағы біреуінде білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау басқармалары жұмыс істейді. Екіншіден, облыстағы отбасы мәселесімен айналып жүрген мамандар осы саладағы хат, қоңыраудың көптігін, жауапкершіліктің бір органнан келесісіне берілуі, кадр мәселесі өзекті екенін атап өткен. Сондықтан жергілікті атқарушы орган қарамағында отбасы және жастар ісі басқармаларын құру, әкелер институтындағы өзгерістерді талдап, мемлекеттік отбасы саясатын демография, миграция мәселелерімен бірге жүйелі талдау қажет. Президент тапсырмасымен бірқатар заңнама өзгеріс енгізіліп, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілік күшейтілді. Ең бастысы, қоғамда адамның қадір-қасиетін жоғары қоятын, зорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырғанымыз маңызды деп санаймын.
- Жастар кадр резерві басталғанда өтемін деп ойладыңыз ба және кейінгі өміріңізде қандай өзгерістер болды?
- Әрине, бастапқы кезеңде іштей уайымның болғаны рас. Өйткені біздің елде ойы ұшқыр, білімді, талантты, шетелден оқып келген жастар көп. Білімді замандастарымыздың арасынан оза шауып шығу оңай болмайтыны басынан белгілі болды. Абай айтпақшы "Мансап деген биік жартас, оған өрмелеп жылан да шығады, самғап ұшып қыран да шығады». Сондықтан тәуекелге бел будық. Іріктеу сатылары ашық, қатысушыларға қолайлы форматта өтті. Барлық тапсырманы қазақ тілінде тапсырып шықтым. Биылғы жылы өңірлік кадр резерві басталды. 2024 жылдың 1 наурызынан бастап құжаттар қабылданып жатыр. Міне, осы өңірлерде жүрген нағыз еліне қызмет етем деген азаматтарға тағы бір мүмкіндік берілейін деп тұр.
Президент жақындағы форумдағы сөзінде біз мемлекеттік қызметке жастарды, әйелдерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, ғалымдарды көп тартуымыз керек деді. Сондықтан мен замандастарымды белсенді түрде қатысуға шақырамын. Маған мемлекеттік қызметке ұсыныстар болғанымен, әзірге ғылыми-зерттеу саласында жұмысымды жалғастырып келемін. Президент айтпақшы, «кадрлық резерв деген - мансапқа жету ғана емес, бұл жалпы қоғамға қозғау салу, әр салада тың өзгерістер алып келуі». Кадр резерві мүшелері өзгерістерге түрткі болуы керек. Сондықтан біздің кадр резерві мүшелерімен қарым-қатынасымыз үлкен бір коммуникация алаңына айналды. Онда өндіріс, бизнес, жеке сектор, IT, ақпарат саласы, қызмет көрсету, академиялық ортадан келген майталмандар бар. Кадр резерві мүшелері өзара кездесіп, ақыл-кеңес сұрап отырады.
- Аталмыш резервке өтсем дейтін үміткерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
- Ең бірінші өзіңізге нақты саланы таңдап алыңыз. Сол салаға қатысты барлық стратегиялық құжаттарды, мемлекеттік жоспар, жобаларды қарап шығыңыз. Бағыт бойынша стейкхолдер, шешім қабылдаушы тұлғалардың интервьюлерін бақылап отырған дұрыс. Екіншіден, осы саладағы халықаралық зерттеулерді, есептерді қарап шығуға кеңес беремін. Өйткені біз әрқашан да халықаралық зерттеулермен салыстырмалы талдау жасап отыруымыз керек. Үшіншіден, осы саладағы танымал ғалымдардың еңбектерін, мақалаларымен танысқан артық болмайды. Төртіншіден, әркім өзіне мықты дисциплина қою керек. Физикалық, моралді жағынан дайын болған жөн. Сонымен қатар ағылшын, басқа да шет тілдерін білген жөн. Ол әлдеқашан базалық талаптарға айналып кеткен. Кадр резерві мүшесінің портреті қандай десеңіз, ол стратегиялық тұрғыдан зерделей білетін аналитик, екінші жағынан жедел шешім қабылдап, дағдарыстан шығар жолды табатын менеджер, айналасын белгілі нәтижеге бағдарлайтын лидер деп айтар едім.
- Қазіргі кезде білім қусам, оқысам, дамысам дейтін жастарға қандай кітаптарды оқып, білімнің қай саласына бет бұруға бағыт бересіз?
- Ол әркімнің таңдаған саласына байланысты. Мың кітапты оқуға болады, ішінде өміріңізге өзгеріс әкелетіні біреу ғана болуы ғажап емес. Бірақ біз, сөзсіз, кітап оқитын ұлтқа айналамыз деген сенімдемін. Әдеттегі сұхбаттарда «Абай жолын» айтып жатады ғой. М.Әуезовтің шығармаларын мектепте түгел оқып тауыстық. Қазіргі кезде негізгі мамандығыма қарай, Харвард университетінің ғалымдары АҚШ-ҚХР қатынасы туралы шығарған «The China questions 2» кітабын оқып жүрмін. Бұл кітапта деректерге қарағанда концептуалды дүниелер көп жазылған. Екіншісі, қазіргі істеп жүрген қызметіме қажет болғандықтан, Тома Пикеттидің «Краткая история равенства» деген кітабы. Пикетти адамзат баласының зорлық, әлеуметтік күрес, регресс пен дүрбелең арқылы табысты әділетті бөлісуге дейін жеткен ұмтылысын, гендер, нәсіл теңдігін орнату, барлығының бірдей білім, денсаулық хақы туралы баяндайды. Үшіншісі – АҚШ ғалымы Фредерик Старрдың «Утраченное просвещение» кітабы.
Орталық Азия халықтарының тарихи, мәдени, тіпті технология тұрғысынан адамзат өркениетіне қосқан үлесі туралы қызығып оқимын. Қазақ авторларының еңбектерін де назардан тыс қалдырмаймыз. Кадр резерві мүшелері қазақ тілінде еркін сөйлей білуі керек. Білімнің саласына қатысты айтар болсам, қазір жаратылыстану, техникалық мамандықтар алға шығып келе жатқаны сөзсіз. Бірақ біз әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың да маңыздылығын ұмытпауымыз тиіс. Қазіргі зерттеулерде пәнаралық байланыс, әлеуметтанудың инструменттері кеңінен қолданыла бастады. Осыдан он жыл бұрынғы және қазіргі әлеуметтанушы ғалымдардың орнын салыстыруға келмейді. Бүгінде әлеуметтанушыларға сұраныс жоғары. Сондықтан уақыттың, нарықтың сұранысына қарай қажет мамандықты таңдауға кеңес беремін. Жалпы, еңбек нарығында диплом емес, нақты дағдылар мен құзыреттер бағаланатын кезеңге аяқ бастық деп санаймын.
Біздің өзге де кадр резервінің мүшелері туралы мақалаларымызды сайтымыздан оқи аласыздар.