Жаһанданудың сын-қатерлі жағдайында мемлекеттің өміршеңдігі мен ішкі-сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ететін мықты институт құра білу ел басшыларының алдындағы басты міндет болса керек. Ендеше осы біртұтас институтты құрайтын мықты мамандардың болуы – ең қажетті алғышарт.
Ел шаруашылығы мен экономикасын дамытуда оң әрі тиімді шешімдер қабылдай алатын, мемлекеттік басқару аппаратының мақсаттарын оңтайлы жүзеге асыратын, болашаққа деген көзқарасы орныққан, ел басқаруда көшбасшылық қабілеті шыныққан мамандарға мемлекеттік қызметте сұраныс жоғары, әлі де бола берері де анық. Осы орайда 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Президенттік жастар кадр резерві құрылған болатын. Содан бері үш рет кадрлық резервке іріктеу жүргізілді, оның біріншісі – 2019 жылы, екіншісі – 2021 жылы, үшіншісі – 2023 жылы анықталған.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 20 акпан күні Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысқан болатын. Бұл жиын барысында Президентке резервтен өткен мамандар жетекшілік етіп жүрген түрлі инновациялық жобалар таныстырылды. Оның ішінде, бюджеттік процестерді оңтайландыруға арналған «eAkimat365» және мемлекеттік қызметте персоналдарды басқару жүйесіндегі тиімділікті арттыру үшін жасақталған «Е-қызмет» ақпараттық жүйелері туралы, Citix компаниясы өнімдерінің экспорттық әлеуеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика секторына инвестор тарту тәжірибесі туралы мәліметтерді таныстырған еді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы бұл инновациялық жобаларды оң бағалап, тиісті органдардың тарапынан алдағы уақытта қолдау берілетінін жеткізген, одан бөлек әр түрлі жеке секторда қызмет етіп жүрген талантты жастардың мемлекетті басқару саласына қажет екенін білдірді. Әрине, Президенттік жастар кадр резервін құрудың негізгі мақсаты да осы болатын. Түрлі саладан талантты жастарды іріктеп, олардың мемлекеттік қызметте оңтайлы мансаптық өсу жолын қалап беретін, еліміздің дамуына өз үлесін қосуды қалайтын әрбір патриот жас маманға зор мүмкіндікті ұсынып отыр.
«Мен сіздерге зор сенім артамын. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз», – деді жиында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы 5 жылда 3 рет өткізілген кадр резервінің іріктеуіне онмыңдаған талапты жас маман өз бағын сынап, қатысқан болатын. Дәл қазіргі сәтте резервте 400-ге жуық жас маман тізімді құрап отыр. Резервке енген күннен бастап 3 жыл тізімде болып, оларға осы жылдар ішінде мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектордан түрлі басқарушылық лауазымдар ұсынылып отырады. Оның ішінде, мемлекеттік саяси лауазымдар, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдары, «Б» корпусының А санатының немесе басқа да басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
2023 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары арасында өткен кадр резервіне іріктеу мемлекеттік аппараттың сұранысына сай 6 негізгі салалық сектор бойынша жүргізілді, олар:
1) Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
2) Агроөнеркәсіп кешені және қоршаған ортаны қорғау;
3) Сыртқы саясат және инвестициялар;
4) Экономикалық және қаржылық саясат;
5) Цифрландыру;
6) Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Негізінен, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің қатысушысы болуға мынадай негізгі талаптар бар: өтініш берушінің жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жоғары білімінің болуы, қазақ тілін білу туралы кемінде В1 деңгейінде сертификаты болуы және 5 жылдан кем емес жұмыс өтілінің болуы.
2019 жылғы іріктеуге 13212 адам қатысып, оларды 5 кезеңнен тұратын сынақтан өткізіп, ішінен 300 жас маманды кадр резервіне қабылдаған болатын. Ал 2021 жылы қатысушылар саны едәуір өсіп, 22678 адам қатысуға өтінім беріп, олардан бар-жоғы 50 жас маман іріктеліп, резервке алынған болатын. 2023 жылы қыркүйек айында 6404 адам тіркеліп, олардан соңғы кезеңге 100-і ғана жолдама алды. Соңғы кезең – ұлттық комиссия мүшелерімен әңгімелесу, бұл кезеңде 100 қатысушының 50-і негізгі Президенттік жастар кадр резервіне кіргізіліп, қалған 50 қатысушы аймақтық жастар кадр резервіне қабылданды. Бұл 2023 жылғы кадрларды іріктеу ерекшелігінің бірі болды.
Аймақтық жастар кадр резервін құру – өңірлердегі мемлекеттік аппараттың құрылымын жетілдірудегі жақсы құрал болуы мүмкін және резерв мүшелері үшін өңірлерде мемлекеттік қызметтің беделді лауазымдарына ашық әрі тиімді әлеуметтік лифтпен көтерілуіне үлкен мүмкіндік тудырады деген сенім мол. Резервке іріктеу кезінде аймақтардың өзіндік әлеуметтік-экономикалық жағдайы, географиялық орналасу ерекшелігі, т.б. факторлары баса ескерілуі керек. Бұл шешім аймақтардағы мемлекеттік аппараттың білікті кадрларға сұранысын толық өтеп бере алмасы анық, дегенмен осындай тенденциялар арқылы қызметке орналасқысы келетін жастар арасындағы бәсекелестік артып, сапалы мамандардың одан әрі көбеюіне оң серпіліс беріп, әрі білім алушы оқушылар мен студенттерге дұрыс бағытта дамуына, алдына асқақ мақсаттар қоя алуына, болашаққа оң бағдар алуына сеп болады деп ойлаймын.
Президенттік жастар кадр резерві – жастар арасындағы біліктілік пен құзіреттілікті бағалаудағы сапа көрсеткіші деп есептеймін. Кадр резервіне кіруде жоғары кәсібилік пен үлкен моральдік қасиеттердің болуы талап етіледі. Жалпы іріктеу 6 негізгі кезеңнен тұрады: біріншісі – құжат қабылдау, мұнда өтініш беруші талаптарға сәйкес келетіні жөнінде растайтын құжаттарын тапсырып, тексеруден өткізіледі; екіншісі – қатысушының мәтіндік және сандық ақпараттармен жұмыс істей алу қабілеті анықталады; үшіншісі – таңдаған саласы бойынша жағдаяттық тапсырмаларды шешу; төртіншісі – ассессмент-орталық және құзіреттер бойынша интервью (Ассессмент-орталық – қатысушының жеке қасиеттерін, кәсіби және психологиялық ерекшеліктерін әр түрлі тапсырмалар, іскерлік ойындар арқылы кешенді бағалау); бесіншісі – сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімелесу кезеңі; алтыншы, яғни соңғы кезең – 50 үздік кандидатты анықтайтын ұлттық комиссияның мәжілісі. Бұл көп сатылы кадр резервіне іріктеуден өту қатысушылар үшін үлкен тәжірибе болып саналса, резервке қабылдануы әр жас маман үшін үлкен жетістіктердің бірі деп есептеймін.
Жалпы 2019 жылдан бері мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор органдарында 270-ке жуық кадр резервінің мүшелері түрлі қызметтерді атқарып жүр. Олардың ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер саны – 33, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілер саны – 5 адам. Олардың ішінде атап өтер азаматтар баршылық, мысалы Әбдікәрімов Абзал Әлиұлы – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі, Адамбеков Тілектес Серікбайұлы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Сүлейменова Зүлфия Болатқызы – Экология және табиғи ресурстар экс-министрі, қазір ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі, Құрмалаев Нұрлан Саиынұлы – ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі, басқа да азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік қызмет атқарып жүр.
Жоғарыда айтып өткендей, кадр резервіне іріктеу сапа көрсеткішін анықтайтындықтан, ендігі кезекте қазақ білімінің қарашаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттер мен магистранттарды даярлауда мемлекеттік аппараттың сұраныстарына сай құзіреттер мен кәсібилікті игеруіне барынша жол ашады деп ойлаймын.
Президенттік жастар кадрлық резерві – бүгінгі жастардың сапалық көрсеткіші ғана емес, Қазақстанның болашағына, оның тұрақты дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ететін инвестиция. Президенттік жастар кадрлық резервінің жетістігі тек сандық тұрғыдан ғана бағаланбайды, сонымен қатар қатысушылардың кейінгі ел дамуына қосқан үлесі арқылы сапалық тұрғыдан бағаланатынын айта кеткен жөн.
Әсет Жайназарұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Экономика және бизнес жоғары мектебі,
Менеджмент кафедрасының оқытушысы,
экономика ғылымының магистрі