Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
28 ақпан, 2024 / Рысжан Амантай / Сұхбат

Ауданнан Астанаға: жастар кадрлық резервінің мүмкіндігі

Аудандық қызметтен Президенттің жастар кадрлық резервіне өткен Айдос Шамбуловты білесіз бе?

Ауданнан Астанаға: жастар кадрлық резервінің мүмкіндігі
Фото: sk.kz

Newsroom.kz порталы Мемлекет басшысының бастамасымен жасақталған Жастар кадрлық резервінің қызметін халыққа жеткізуді жөн көріп, резерв мүшелерімен сұхбат жүргізіп келеді.

Ел болашағы үшін қызмет етіп келе жатқан жас резервшілердің бірі Айдос Шамбулов newsroom.kzпорталына берген сұхбатында аудандық қызметтен Президенттің жастар кадрлық резервіне өткен тәжірбиесі, қазіргі қызметі туралы айтты.

- Айдос мырза, Президенттің жастар кадрлық резервіне енгеннен кейінгі өміріңіз туралы, өзіңіз туралы аз-кем айта кетсеңіз?

- Қайырлы күн! Түркістан облысында дүниеге келіп, балалық шағым, яғни мектепті тәмамдағанға дейін Шымкент қаласында өтті. 
2009 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не «құқықтану» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа түсіп, 2013 жылы үздік аяқтадым.
2014 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-не магистратураны бітіріп, 2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметке орналастым. Мемлекеттік қызметте облыстық басқармаларда бас маман болып бастап, 2017 жылы балалық арманым «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-тың Калифорния университетіне оқуға түстім.
2019 жылы елге оралып, аудан көлемінде, яғни Түркістан облысы Сарыағаш ауданында әкім кеңесшісі және аппарат басшысы болып 3,5 жылға жуық қызмет атқардым. 
 2023 жылы тәжірибемді жетілдіру мақсатында Астана қаласына келіп, «Samruk-Kazyna Constrcution» АҚ қызметке орналастым.
 Қазіргі таңда, Президенттік жастар кадрлық резерві арқылы мемлекеттік қызметке қайта оралу жұмыстарын жүргізудемін.

- Аудандық қызметтен Президенттің жастар кадрлық резервіне қалай өттіңіз? Қандай әсері болды?

- Әрине, Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен кезде керемет, қуанышты сезімде болдым. Себебі, сонша мың адамнан 50 мықтының арасына кіру мен үшін үлкен мәртебе.
Жалпы 7 кезеңнен өттік және әрбір кезеңде облыстық және аудандық деңгейде жергілікті атқарушы органда жұмыс атқарған тәжірибем де үлкен көмек болды.

- Жастар кадрлық резервіне енгеннен кейін өміріңізде қандай өзгерістер орын алды?

- Қазіргі таңда әрбір резервшілермен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жұмыс атқаруда. Мемлекеттік органдардан және квазимемлекеттік секторлардан ұсыныстар түсуде. Сол себепті жуық арада Президенттік жастар кадрлық резерві арқылы қызметімде өзгерістер болады деп күтудемін.

- Мемлекет басшысының осы бастамасы басталғанда өтемін деп ойладыңыз ба?

- Шыны керек, өтемін деп ойламадым. Себебі 6 мыңнан астам үміткердің арасында үздік 50-ге кіру оңай емес шаруа екенін білдім. Алайда, оған қарамастан қызу дайындықты бастап, тиісті нәтижеге қол жеткіздім.

- Аталмыш резервке өтсем дейтін үміткерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Алдағы уақытта үміткерлерге берер кеңесім, алдын ала барлығы шешіліп қойған немесе мен өте алмаймын деген теріс ойдан аулақ болу. Себебі әрбір кезең нағыз объектівті, шынайы өтетіндігіне көз жеткіздім. Сол себепті жақсы дайындық және сәттілік болса серігіңіз болсын деп тілер едім.

- Қазіргі кезде білім қусам, оқысам, дамысам дейтін жастарға қандай кітаптарды оқып, білімнің қай саласына бет бұруға бағыт бересіз?

- Әрине, ол әрбір жастың қызығушылығы мен қабілетіне байланысты деп ойлаймын. Біреулер гуманитарлық салада мықты болса, басқалары кәсіптік-техникалық салада мықты болуы мүмкін. Сол себепті бірінші қабілет пен қызығушылықты анықтап, қазіргі таңда еліміз қажет ететін мамандықтарды игерсе екен деймін.
Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр демекші, біріншіден қазағымыздың тарихынан, ұлы ғұламаларымыздың шығармашылықтарынан бастаса екен деймін.